Жаңалықтар

Арман Исағалиев: Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту – Қазақстан мен Мысыр үшін үлкен парыз

Арман Исағалиев: Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту – Қазақстан мен Мысыр үшін үлкен парыз
19.10.2018 11:04 1761

Қазақстан Үкіметі Мысырдың елордасы Каир қаласындағы көлемі жағынан екінші саналатын ең ірі ғибадатханаларының бірі - Сұлтан Бейбарс мешітін қалпына келтіру жұмыстарына 4,5 миллион доллар бөліп отыр.

Айта кету керек, күрделі жөндеу жұмыстары жалпы 12 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Мысыр тарабы 100 миллион мысырлық фунт аударыпты.

Нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары 18 айдың ішінде толық аяқталады деп жоспарланған.

Қазанның 18-інде, Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев, Мысырдың  Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани мешітті күрделу жөндеуден өткізу жұмыстарының басталуына орай ұйымдастырылған шараға қатысты. Жиынға сонымен қатар жобаның бас мердігері «Араб контракторс» компаниясының басқарма төрағасы Мухсин Салах, Мысыр Парламентінің депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, журналистер, тарихшы ғалымдар, белсенділер және жергілікті халық өкілдері қатысты.

Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Каир қаласындағы ең ірі ғибадатханалар қатарында екінші орынға ие мешіттің көне қаладағы ерекше нысандардың бірі екенін атап өтті. Бабамыздың мұрасы тарихи маңызы өте жоғары ескерткіш қана емес, Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық, ынтымақтастық қарым-қатынастардың нышанына айналғанын ерекше атап өтті.

«Қазақстан Сұлтан Бейбарыстың кіндік қаны тамған жері болып саналады. Сондықтан бұл елдің басшылығы мен халқы жобаның ойдағыдай іске асырылуына үлкен мән беріп отыр. Аталған мәселе Мысырдың Президенті Ә. әс-Сисидің 2016 жылы Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі», - деп атап көрсетті Халед әл-Анани.

Оның айтуынша, тарихи ескерткіштің архелологиялық және сәулеттік құндылығына баға берудің өзі қиын. Ғибадатхананы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде нысанның іргетасы және жерасты бөлімшелері мұқият тексеріліп, қалпына келтірілген. Бұл жұмыстар бүгінде аяқталды. Алдағы уақытта мешіттің шаңырағын, бірқатар бөлмелерін, дәлізін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларды жөндеу жұмыстары іске асырылады, деп хабарлады Көне ескерткіштер министрі.

Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.

Аталған комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін қолданылған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына ұқсас жоғары сапалы гранит тастарын пайдалану жөнінде тоқтамға келіпті.

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі А. Исағалиев өз кезегінде екі елдің арасындағы тарихи байланыстардың нышанына айналған мешітті қалпына келтіру жұмыстары қайта қолға алынғанына ризашылығын білдірді. Қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту Қазақстан үшін де, Мысыр үшін де үлкен парыз болып саналады деді ол.

«Ортақ мұрамызды сақтауға деген Мысыр басшылығының көрсетіп жатқан қамқорлығын жоғары бағалайтынымды жеткіземін. Мысырды мұсылман әлемінің орталығы, Каирді Аббасид халифатының астанасы етіп көтерген кемеңгер тұлғаның ескерткіші қайта қалпына келтіріліп, Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөліне, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройына тағы да бір нышан болып қалыптасады деген сенімдемін», - деді қазақстандық дипломат. 

Асан Қалиахмет

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға