Жаңалықтар

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Тарихи жәдігерлер көрмесі
12.04.2016 16:08 9273

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан қорғандардан табылған 968 археологиялық жәдігерді Ұлттық музейдің қорына өткізді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жетекші отандық зертханаларда қайта қалпына келтірілген бірегей табыстарының ауқымды коллекциясын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

Осы салада маманданған екі жетекші ұйым ҚР МСМ «Қазқайтажаңғырту» РМК және «Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасы қайта қалпына келтіру және консервациялау бойынша атқарған жұмыс нәтижелерімен таныстырды.

Өткенді объективті жаңғырту бүгінгі ұрпақ үшін маңызды міндет болып табылады. Біз өз кезегінде келесі ұрпаққа тапсыратын бабаларымыз жүріп өткен тарихи жолды көрсету үшін тек шынайы білім ғана сенімді негіз бола алады.

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

– Елбасының бастамасымен 2004-2011 жылдары жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бүгінгі таңда  Мәдениет және спорт министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жалғасын табуда. Біз қазақ халқының бай мәдени мұрасын зерттеу, оның ішінде ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудеміз.  Бұл «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру бойынша бес жыл көлеміндегі жұмысының нәтижесі, – деп атап өтті мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

 Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Тұяқбаев Қанат, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының кеңесшісі :

Мәдени мұра бағдарламасының аясында «Қазқайтажаңғырту» мекемесі 115 мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтірді. Оның ішінде ерекше атап айтатын мәселе деп – мекеменің халықаралық деңгейде жұмыс жүргізуін айтар едім. Бағдарлама аясында өз еліміздегі тарихымызға қоса шетелде жатқан қазақ жерінен шыққан азаматтарымыздың еңбегін зерттеу, зерделеу жұмыстары жүзеге асты. Және шетелдердегі қазақ тарихына қатысты жәдігерлерді, құжаттарды алдыруға үлкен мән беріліп отыр. 2008 жылы Елбасының тапсырмасымен шет елде жүріп қаза тапқан қазақ зиялыларының құлпытастарын қалпына келтіру жұмыстарының негізінде Әбу Насыр әл-Фарабидың жатқан жері анықталып, басына кесене тұрғызылды.                                                                                                     1260-1277 жылдары Сирия, Ливан, Иордания, Египет елдерін билеген Бейбарыс сұлтанның көзі тірісінде соққызған мешіт, кітапхана, медресе, кітап қорлары орналасқан кешен қайта жөнделді. Қайтыс болғаннан кейін кесенесі осы құрылыс нысандарының қасына тұрғызылады. Бұл жерге сонымен қатар 1279 жылы қайтыс болған Бейбарыстың ұлы әл-Мәли Саид Берке хан да жерленген. Бейбарыс сұлтанның кесенесі Осы жерде екі жарым жылдай жұмыс істеп, толық қайта қалпына келтірілді. Кешенді екі ел арасындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен Сирия мемлекетінің Араб тілдері академиясының пайдалануына өткіздік. әл-Фараби бабамыздың Тақлия әл әл бейт қорымының ең шетінде жерленгенін ғалымдарымыз анықтады. Ұлы ғалым кесенесін қалпына келтіруде Елбасымыздың шешімі әрі Сирия президенті Башар Асадпен келісім жасалды. Сол маңда орналасқан 48 үйге пәтер беріліп, көшірілген соң 20 мың шаршы көлемдегі 6 мың шаршы метрдегі этно-мәдени кесененің құрылысы анықталды. Толық қайта қалпына келтіріп, 4 экспозициясы бар зал құрдық. Экспозициялар тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері мен әл-Фараби өмірі мен еңбектеріне, еліміздің бас қаласы Астана қаласының тарихына арналды. Оқу – дәріс залы, шәкірттер жататын жатақхана, сыйлы кісілер қабылданатын салтанат бөлмелері толық анықталып, пайдалануға берілді.  Одан басқа қазақ жеріндегі тарихи мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, оларды ғылыми айналымға енгізу, зерттеу зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстарын атқару тек  тарихи қырынан емес, экономикаға да оң әсерін тигізеді. Әсіресе келешек ұрпақтың алдында рухани жағынан тәрбиелік мәні зор.    

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

Белгілі археолог Зейнолла Самашев, Әлкей Марғұлан атындағы Археологиялық институттың Астанадағы филиалының ғылыми қызметкері:

Бүгінгі шараның міндеті – көненің көзін сақтау, бізге ата-бабаларымыздан қалған мұраны көздің қарашығындай сақтау деген ұғым бар ғой, соның бір көрінісі. 17-18 жылдай уақытта «инемен құдық қазғандай» тіпті одан да ауыр жұмыстар жасалды. Бүгін жұрт назарына ұсынылған жәдігерлер соның жемісі. Ескерткіштерге қарап жұмыстың ауырлығын, қадір-қасиетін білуге болады. Қаншама ұсақ фрагменттерден үлкен-үлкен заттар қалпына келтірілді. Ата-бабаларымыз қалай өмір сүрді, қалай киінді, қандай құралдар пайдаланды, қандай қару-жарақ ұстады, олардың технологиясы қандай болды, ағашты қалай өңдеді, темірді қалай соқты деген сауалдарға бүгін таныстырылған құндылықтар жауап береді.

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

«Реставраторлардың қызметі көне бұйымдарды қайта қалпына келтіру ісіндегі ең маңызды қызмет болып табылады. Мұндай өте құнды мәліметтерді археологтар мен тарихшылардың көмегімен табу бар, алайда біз реставраторларсыз ежелгі шеберлер жасаған таңқаларлық керемет әлемді толығымен ешқашан көрсете алмаған болар едік» – деп атап өтті «Қазқайтажаңғырту» РМҚ директоры Арнұр Қарымсақов.

 Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Ұлттық музей қабырғасында өткізіліп жатқан шара аясында, қатысушылар үшін еліміздің реставраторларының маңдай терін төккен шын мәніндегі зор еңбегімен тікелей танысу мүмкіндігі тумақ. Сонымен қатар, көрмеде «Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасының қызметкерлері органикалық артефактілерді алғашқы қайта қалпына келтіру бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

«Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасының директоры Қ. Алтынбековтің сөзіне қарағанда, затты бастапқы қалпына келтірмес бұрын халықтың мәдениетін, дінін, пәлсапалық дүние танымын, оның қоршаған ортамен, табиғатпен, космоспен қарым-қатынасын түсіну қажет. Тек сонда ғана табысқа жетуге болады. Олай болмаған жағдайда қайта қалпына келтірілген зат жасанды алдамыш  бос нәрсе болып көрінеді.

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды 

Шара аясында ежелгі артефактілерді құтқару бойынша атқарылған көп жылдық еңбектің нәтижесі таныстырылды. Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан қорғандардан табылған 968 археологиялық жәдігердің  сақтау шарты бойынша ұсыныстар берілген реставрациялық паспорты бар.

Анықтама

«Қазреставрация» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тарихы 1972 жылдан басталады. Негізгі бағыттары тарих, мәдениет және сәулет ескерткіштерін жөндеу, қайта қалпына келтіру, консервация бойынша жұмыстар жасау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштердің жинағын дайындау, Қазақстан Республикасы мен шетелдерде  монументалды ескерткіштер орнату болып табылады.

Осы уақыт ішінде кәсіпорын 350-ден астам ескерткішті қайта қалпына келтіріп сақтап отыр. Олардың арасында ежелгі сәулет өнерінің маржаны саналатын Айша Бибі (XI ғ.), Бабаджа-Хатун (XI ғ.), Арыстан баб (XII-XVII ғғ.) сынды кесенелер бар. Түркістанның 1500 жылдық мерей тойына орай «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің аумағындағы 20 ескерткіш қайта қалпына келтірілді. Көне Тараздың 2000 жылдық мерей тойына орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық музейінің аумағындағы он шақты нысан пайдалануға берілді. Алматы қаласында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жататын он беске жуық құрылыс қайта қалпына келтірілді. 

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Археологиялық жәдігерлер мен басқа да мәдени ескеткіштерді қайта қалпына келтірумен, консервациялаумен және толық қайта құрумен айналысатын «Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасы 2001 жылдан бастап қызмет жасайды. Зертханаға танымал реставратор Қырым Алтынбеков басшылық жасайды. Оның қайта қалпына келтіру ісі бойынша жинақтаған 37 жылдам астам тәжірбиесі шағын шеберхананы атақты ғылыми орталыққа айналдыруға мүмкіндік берді. Зертхана өз қызметін үш бағытта атқарады, олар: қайта қалпына келтіру, консервациялау және қайта құру. Зертханада металл, тас, мата, былғары, тері және басқа да материалдардан жасалған артефакттер қайта қалпына келтіріледі.  

Зертхана қызметінің нәтижесінде Берел, Қарақоба, Байгетөбе қорымдарының қорғандарынан табылған бұйымдар жарыққа шықты. Алтын адамды, Тақсай ханшайымын киіндіру, Арал төбе, Байгетөбе, Талды-2 қорғандарынан табылған көсемдердің сүйектерін қайта қалпына келтіру бойынша зор жұмыстар жасалды. Суреттерге назар салыңызшы, олар рестовраторлардың ежелгі заттарға өз мәнін беруге күш салғанынының нағыз куәгерлері. Қиындылар, сынықтар, фрагменттер, түйірлерден орындалуының дәлдігімен, ойының батылдығымен бізді таңқалдыратын баға жетпес бұйымдар қайта жасалады. 

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Археологиялық жәдігерлер Ұлттық музейдің қорына тапсырылды

Осы шара аясында Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан қорғандардан табылған 968 археологиялық жәдігер музейге тапсырылды. Музейге келушілер қайта қалпына келтірілген ежелгі заман заттарын музейдің атриумында ашылатын «Өткен күнгі бейнелердің бүгінгі көрінісі» көрмесінен тамашалай алады. 


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға