Жаңалықтар

Қарияны құтқарған сержант

Бүгінгінің батырлары
04.05.2016 09:27 3419

Қарағанды облысының Абай қаласындағы №6505 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет ететін сержант Асхат Қоңыровтың есінде 2014 жылдың 3 қазаны ерекше сақталып қалды. Өйткені, дәл осы күні Асхат өртеніп жатқан үйден 87 жастағы әжейді аман алып шықты.

Қарияны құтқарған сержант

Сол күні сержант жұмыстан демалыс алып, үйге қарай асықпай аяңдайды. Есіктен енді ғана еніп, әскери формасын шешіп жатқанда, терезеден қап-қара түтінді көреді. Отқа оранып жатқан бірінші қабатта тұратын көршісінің үйі екен. Ойланып тұра беруге мұрша жоқ, Асхат дереу өз үйінің есігін ашып, газ баллонды сыртқа шығарады. Одан соң, анасы мен жұбайын, кішкентай баласын далаға алып шығады.

Асхат есік алдына атып шыққанда, жанұшыра жүгіріп жүрген Марина көршісін көреді. Оның сөзіне қараса, өрт жалмаған үйдің ішінде қария қалып қойғанға ұқсайды. Қорқуға, қобалжуға уақыт жоқ. Әр секунд санаулы. Сержант бірден қызыл жалынның арасына қойып кетеді. Бұл жолы да алдымен, үйдегі газ баллонды лақтырып, содан соң, ес-түссіз жатқан әжейді далаға алып шығады. Осылайша, жедел түрде қимылдаған сержанттың қырағы әрекетінің арқасында көпқабатты үйдің бір подъезі аман қалды.

Ең қызығы, Асхат Қоңыров өзінің осы ісін ерлік деп есептемейді. «Мұндай жағдай әрбір адамның басынан өтуі мүмкін. Қиын шақта өзгелерге қол созу – біздің борышымыз» дейді өзі. Қызметіне адал сарбаз бейбіт күн үшін қашанда басын қатерге тігуге дайын.


Роза ӘРЕН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға