Жаңалықтар

Әрі қарай жалғаса берсе, біз бұдан да үлкен апаттарға ұшыраймыз – Еділ Жаңбыршин

Әрі қарай жалғаса берсе, біз бұдан да үлкен апаттарға ұшыраймыз – Еділ Жаңбыршин
Фото: parlam.kz 08.11.2023 11:35 1446

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин еліміздегі өндіріс орындарындағы апаттардың алдын алу керек екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауалын ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа жолдады.

Біз бизнесті қолдауымыз керек. Оған әңгіме жоқ. Бірақ қолдаймыз деп көп мәселені бүлдіріп алдық. Біріншіден, Екібастұздағы, МАЭК-тегі жағдай, Қаратұрындағы апат, Қарағандыдағы шахтадағы мәселелер. Бұл бүкіл өндірістегі үлкен мәселе. Неге? Біз олардың барлығын қолдап, бизнесті дамытады деп, оларды тексеруді прокуратура органдары арқылы реттеп қойдық. Қазір бір де бір өндірістік қауіпсіздік болсын, экологиялық қауіпсіздік мәселесі болсын, олардың қолы байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз. Арты адам өліміне әкеліп жатыр. Өндірістің құлдырауына, техникаларының жаңаланбауына әкеліп жатыр. Міне, осы тарапта министрлік салалық министрліктермен бірге өндіріс орындарына ревизия жүргізіп, заңдар мен мәселелерді қарап, тиісті шешімдер қабылдай ма? Бұл әрі қарай жалғаса берсе, біз тағы да үлкен апаттарға ұшыраймыз. Сол жөнінде қандай жұмыстар істеп жатырсыздар? - деді Жаңбыршин депутаттық сауалында.

Осылайша, депутат өндіріс орындарындағы техника сапасына назар аударуды ұсынды.

Әрине, қауіптер бар. Бізге тиісті балансты табу керек. Бізге «Атамекен» палатасынан түрлі мәселелермен бизнес өкілдері келеді. Сол себепті біз жүктеменің жалпы жүйесін жеңілдетіп жатырмыз. Біздің мемлекеттік органдардың тиісті құқықтары бар. Жедел ден қою шаралары бойынша заң жүзінде 4 саланы тексеруге мүмкіндігіміз бар. Олар: СЭС, атом энергиясын пайдалану, өсімдіктерді қорғау және электр энергетикасы шаралары. Егер осы объектілерді прокуратурамен тіркеу мүмкіндігі болмаса, олар тікелей осы объектілерге барып тексеру жүргізеді, - деп жауап берді ұлттық экономика министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға