Жаңалықтар

Аргентинада алғаш рет Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Аргентинада алғаш рет Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 23.08.2023 19:47 960

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Аргентинаға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында Қ. Омаров сімаралық саяси консультациялардың төртінші раундына қатысты. Аргентина делегациясын Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Пабло Теттаманти басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелері мен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Саяси консультациялар нәтижесінде тараптар өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге келісті.

Белгілі экономист, Бразилияның сыртқы сауда жөніндегі бұрынғы Мемлекеттік хатшысы және «BMJ» халықаралық компаниясының директоры Уэлбер Барралмен кездесу барысында әлемдік экономиканың ауқымды мәселелері, Оңтүстік Америкадағы интеграциялық үдерістері және Қазақстан мен Латын Америкасы аймағы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Қ.Омаровтың Росарио қаласындағы Қазақ мәдени орталығының директоры – Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Ирина Вагнермен және Росариодағы ҚР-дың Құрметті консулы Густаво Гутьерреспен кездесуі барысында Аргентинамен, атап айтқанда Росарио аймағымен, мәдени-гуманитарлық саладағы және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Аргентинаға жұмыс сапарының соңында Қ. Омаров Буэнос-Айрестегі Қазақстан Республикасының тұңғыш құрметті консулдығының ресми ашылу салтанатына және оның ғимаратында Қазақстанның туын көтеру рәсіміне қатысты. Іс-шараға Аргентина сыртқы істер министрлігінің саяси директоры Клаудио Джакомино, болу елінің қоғамдық-саяси және іскер топтарының, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Буэнос-Айресте еліміздің өкілдігінің ашылуы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді және Аргентинада Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік туғызады. Айта кету керек, Буэнос-Айрес қуатты экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетке ие. Консулдық округте машина жасау, мұнай және газ өндіру, энергетика және жеңіл өнеркәсібінің жетекші компаниялары орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға