Жаңалықтар

Сіз білмеген 25 психикалық синдром

Олардың белгілері қандай?
Сіз білмеген 25 психикалық синдром
20.05.2018 14:40 61247

«Бас жарылса – бө­рік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дейтін елміз ғой. Көбінесе психикалық саулыққа мән бере қоймайтынымыз жасырын емес. Егер таныстарымыз психотерапевтке барып жүргенін көрсек, бірден негатив ойлар келетіні де рас. Ал шын мәнсінде, психикалық саулық физикалық саулықтың кепілі. Назарларыңызға 25 психикалық синдром белгілерін ұсынып отырмыз, кей белгілері байқалса, көңіл-күйіңізге, ішкі жан-дүниеңізге мән беріп, қажет болса мамандар көмегін алыңыз.

Ақ қоян синдромы

Бұл синдром кездесетін адам әрдайым баратын жерінен кешігіп жатқандай сезінеді. Қарбалас өмірде расында да, белгіленген уақытта жете алмай қалатындай асығып жүретініміз бар. Сондықтан, жер бетінде бұл синдромы бар адамдар біз ойлағаннан да көп екеніне шүбәміз жоқ.

Назар жетіспеушілік синдромы

Мұндай синдромға шалдыққан адамдар алаңғасар, шыдамсыз, сонымен қоса нақты бір нәрсеге зейін қоя алмайды. Әсіресе бала кезінде бұл синдром көбірек байқалады. Бала байыз тауып бір жерде отыра алмайды, айылған ақпаратты қабылдауы қиынға соғады, өте импульсивті. Кей ата-аналар бала табиғатына сілтеп, бұл синдромға мән бермейді. Есейгенде бұл симптомдар одан әрі ушығып, адамның интеллектісінің төмендеуіне, кәсіби тұрғыда қабілетсіздігіне және ауыр депрессияларға бейімшілдігіне әкелуі мүмкін.

Үйрек балапаны синдромы

Бұл синдром үйрек баласының өмірге келе сала, кез келген үйректі өз анасы деп есептей беретіндігіне байланысты айтылған. Ол кейде жансыз затты да жақыным деп қалуы мүмкін.

Ал мұндай ауытпаушылығы бар жандар алғаш бір затты көрсе, одан асқан ештеңе жоқ деп қабылдайды. Бірақ, ол керісінше болуы ғажап емес. Үйрек балапаны синдромынан айығу үшін сыни ойлауды іске қосып, өзіне тым сенімді болмай, жан-жақты ойланып, тез шешім шығармауға үйренуі қажет.

Көп мәселелік синдромы

Біз барлығымыз «екі қайықтың басын ұстаған суға кететінін» жақсы білеміз. Ілгеріде сөз еткеніміздей, қым-қуат тірлікте көптеген істі бітіруіміз үшін жан-жақты болуға тырысамыз. Бірақ, көбінесе одан жапа шегіп қалатынымыз бар. Барлық тапсырманы бірден шешкіміз келгенімен, соңында бір де біреуін толық орындамаған болып шығамыз. Бұл синдромнан арылу үшін нақты бір істі аяғына дейін жеткізуді ойлаңыз. Сосын әрине, әр іске жұмсайтын энергияңызды, күшіңізді, жоғалтатын жүйке талшықтарын алғашқы орынға шығарыңыз.

Үш күндік тақуа синдромы

Бұл синдромның мәні бастаған істі соңына дейін жеткізе алмауда жатыр. Ол жаттығу, жоба, шет тілі курсы болсын, бәрібір. Үш күндік тақуаның синдромына шалдыққандар ештеңені соңына дейін апара алмайды. Өз сылтауларының, жалқаулығының немесе жинақы бола алмағандығының кесірінен сүйікті ісін орта жолдан тастаудың қажеті жоқ.

Дүйсенбі синдромы

Кез келген саналы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамда да осы синдромның белгілері кездеседі. Бұл синдромнан айналып өту үшін жұмыс аптасын дұрыс қарқынмен, жақсы көңіл-күймен бастау керек екен.

Алиса ғажайыптар елінде синдромы

Ғылымда бұл синдромды «макропсия» немесе «микропсия» деп атайды. Яғни, бұл жандар шындыққа басқалай қарайды. Мәселен, оның айналасындағы кей заттар тым үлкен не тым кішкентай болып көрінуі мүмкін. Ең аяныштысы – бұл кісілер қай жерде шынайылық барын ажырата алмайды.

Бұл дерт бас ауруымен бірге жүруі ықтимал. Сол сияқты оның пайда болуына психотроптық препараттардың да әсері бар.

Стендаль синдромы

Бұл синдром адамның жүрек соғысын жиілетіп, басын шыр көбелек айналдырып, галлюцинацияға ұрындырады.  Оны сіз үлкен мұражай немесе галереяға барғанда байқауыңыз мүмкін. Сондай-ақ, Стендаль синдромы табиғат сұлулығына тамсанғанда пайда болуы да ғажап емес.

Стендаль «Неаполь и Флоренция: путешествие из Милана в Реджио» атты шығармасында осы дерттің алғашқы белгілерін жазған, синдром сол үшін француз жазушысының атымен аталады. Статистикаға сүйенсек, Флоренция, Венеция, Рим мен Стамбул қалалары осы синдромның тууына көп ықпал ететін көрінеді.

Диоген синдромы

Диоген синдромы кездесетін жандардың өздеріне деген бағасы тым төмен және менсенбеушілік басым, сол секілді өздерін қоғамнан оқшау ұстап, ескі-құсқыны коллекция етіп жинайды.

Жарқын мысал ретінде Гогольдың «Мертвые души» шығармасындағы Плюшкинді айтуға болады. Синдром көне грек философы, аңыз бойынша бөшкеде өмір сүрген Диогеннің құрметіне қойылған. Бірақ, ол өзін қоғамнан оқшаулап, әртүрлі қоқыс жинамаған. Сол үшін қазір синдромға Плюшкиннің атын беру қарастырылып жатыр.

Амели синдромы

Бұл синдромды түсіну үшін Жан-Пьер Жененің «Амели» фильмін көргеніңіз жөн. Яғни, бұл дертке шалдыққандар балалық шағына жиі саяхаттап, таныс емес жандарды бақылап, оларға тосын сый жасап, қала ішіне әртүрлі құттықтаулар мен хабарландырулар іліп және т.б  іс-әрекеттер жасайды.

Адель синдромы

Адель синдромы – жауапсыз махаббаттан туған психикалық бұзылыс. Оның атауы атақты француз жазушысы Виктор Гюгоның қызы Адель Гюгоның есімімен тығыз байланысты. Адель өте тартымды, талантты болған. Оның психикасына әпкесінің қайтыс болуы қатты әсер етеді. Сәл кейінірек ол ағылшын офицері Альбертке ес-түссіз ғашық болып қалады. Бірақ, өкінішке қарай, Адельдің махаббаты жауапсыз болды. Ол офицердің ізінен қалмай, онымен некелескені туралы өсек таратады. Альберттің басқа қызбен құрған шаңырағы шайқалады. Кейінірек Адель одан сәбилі болып, оның шетінеп кеткенін айтып, жұртты шулатқан. Осындай сұлу қыздың тағдыры өте аянышты аяқталған, себебі ол қалған өмірін психиатриялық ауруханада өткізеді.

Аталған оқиға кейбір жандарға тым қияли болып көрінгенімен, қазіргі күні Адель синдромымен көптеген қыздар, жасөспірімдер ауырып жүруі мүмкін. Бұл дертке қарсы нақты бір емдеу жолдарын айту қиынның қиыны. Жай ғана «бақытсыз махаббат болмайтынын» есте сақтаса игі. Ең бастысы, өзіңді керек етпеген адам үшін қайғырудың түкке де қажеті жоқ.

Дориан Грей синдромы

Бұл дертпен өзін барынша жас қалпын сақтап қалғысы келген адамдар ауырады. Олар әдемілігі мен жас келбетін сақтап қалу үшін ақшасын да, күшін де аяп қалмақ емес. Бұл олар үшін өмірдегі басты мақсат. Аталған синдром Оскар Уайльдтің «Дориан Грей портреті» романынан белгілі. Синдром адамдардың өміріне елеулі жағымсыз өзгерістер енгізіп, психикалық бұзылыстарға апарады.  

Капгр синдромы

Бұл синдром «жағымсыз егіздің сандырағы» деген атауға ие. Бар деректерге сүйенсек, осы синдромға шалдыққан адам өзіне де, өзіне жақын адамдарына да «екіншісі» кіріп алған деп түсінеді. Олар сол «егізіміз» барлық істеген іс-әрекеттерімізді жазып отырады деп ойлайды.

Отелло синдромы

...немесе патологиялық қызғаныш. Бұл синдромға шалдыққан адамдар өз сүйіктісін орынды-орынсыз қызғана береді. Тіпті, ешқандай себеп болмаса да… Ол жандар сүйгендерін әрдайым тексеріп, ізіне түсіп, бақылап отырады, көзіме шөп салады деген ойдан дұрыс ұйықтай алмайды, әрқашан күйіп-пісіп, басқа нәрсені ойлау мүмкіндігінен айырылады. 

Ангедония

Ангедония - синдром емес, бірақ осы тізімге қосуды жөн санадық. Бұл – қуаныштың болмауы, бір нәрседен рахат алу сезімінің жоқтығы. Ангедоняға ұшырағандардың бұрын ұнатқан спортына, саяхаттауға, хоббиіне деген мүлде мотивациясы жоғалады. Бұдан айығу үшін жақсы тамақтанып, қалыпты ұйықтап, түрлі іс-шараларға қатысып, жақсы эмоция әкелетін орындарды аралау керек.

Питер Пэн синдромы

Бір ғана баладан басқасының бәрі, әйтеуір есейеді – дейді Джеймс Барри. Питер Пэн синдромы бар жандар ешқашан есейгісі келмейді. Олардың жасы 20-30 немесе 40 та болса да бәрібір. Мұндайларды кидалттар деп те атап жатады.

Жарылатын бастар синдромы

Көзі енді ілініп немесе ұйқысынан енді оянып жатқан кейбір жандар атылған мылтықтың немесе жабайы аңның ащы дауысын естуі мүмкін. Соның кесірінен, басы жарылып жатқандай сезім болады. Оның пайда болуына қауырт тіршілік, жиі шаршау, көп жұмыстармен басы қату деген сияқты күнделікті нәрселер әсер етеді. Оны болдырмау үшін 2-3 күн немесе бір жеті алаңсыз демалып алу керек.

Ұйқыдағы ару синдромы

Ғылыми деректерде мұны Клейн – Левин синдромы деп атайды. Аты айтып тұрғандай бұл синдромы бар жандар ұйқыға өте тәуелді болып келеді. Күніне 18 сағат немесе одан да көп ұйықтауы мүмкін. Ал оларға ұйқы бермесең, жүйке жүйелері сыр беріп, ашуға бой алдырады.

Мюнгхаузен синдромы

Өзінен көптеген аурулардың белгісін көріп, медицинаға жүгінетін жандардан Мюнгхаузен синдромын көруге болады. Олар өте ақылды, өнертапқыш, медицина ғылымынан хабардар жандар.

Гурман синдромы

Бұл синдром қымбат тамақты таңдап жеумен тығыз байланысты. Ал негізінде мидың оң жақ бөлігі, атап айтқанда лимбия жүйесі мен базальды ганглия зақымдалғанда туындайтын симптом. Белсенді сноубордист кенеттен пестоны аңсап, немесе тропикалық елдерде ешқашан болмаған көршіңіз мангустин коктейлінің құмары болып шыға келсе, оларда "гурман синдромы" байқалғанын біліңіз. Яғни адамдар бір мезетте қарапайым халықтың ас-ауқатын емес, деңгейі жоғары кулинария шедеврлеріне құмарлық танытуы осы синдромды білдіреді. Бұл ауытқу белгісі 1997 жылы ашылып, сипаттамасы жасалған. Жалпы, адамға ешқандай зияны жоқ, тек әмияныңызды «жұқартуы» мүмкін.

Квазимодо синдромы

Өте қауіпті психикалық бұзылыс. Оның дисморфия деген екінші атауы бар. Адамның өзін өте төмен бағалап, әрдайым бойынан мін іздеуі. Квазимодоға шалдыққандар ылғи айнаға қарап, түрінен кемшілік байқап, жайсыздана бастайды. Ондай адамдар өмірде көптеген қиындықтарға тап болады. Көпшілік ортада өзін ыңғайсыз сезініп, «кемшілігім» деп санаған жерін басқалар көрсе, мазақ етеді деген күдікпен өмір сүреді.

Фреголи синдромы

Бұл синдром кездесетін жандар өзін біреулер аңдып жүр деп есептейді. Синдром алғаш рет 1927 жылы анықталған: бір бойжеткен өзі жиі баратын театрдың екі актері ізінен қалмайтынын байқаған. Шын мәнінде, артынан еріп жүрген екен деп қалмаңыз. Тек қыз басқа бейтаныс жандардан сол қос әртістің образын көре берген. Бұл тақырып анимациялық «Аномализа» фильмінде ашыла түседі.

Мебиус синдромы 

Бұл – туғаннан пайда болатын аномалия. Бас-ми жүйесінің дұрыс дамымауынан адамның бетіндегі мимиканың болмауы. Мебиус синдромы бар жандар күле алмайды, сол секілді тамақтану да қиындық туғызады. Бұл синдром ХІХ аяғында анықталған және оның даму себептері әлі күнге дейін белгісіз боп қалуда. Қуанышқа қарай, Мебиуспен шалдыққандар саны өте аз.  

Бөтен қолдың синдромы

«Анархист-қол» синдромы күрделі психоневрологиялық бұзылыстан туындайды. Яғни, адамның өз қолдарының өзіне бағынбай, басқа іс-қимыл жасауы. Сол сияқты бұл дерттің доктор Стренджлав синдромы деген атауы да бар. Психиатрлардың сөзіне сенсек, бұл бұзылыс бас миының жартышарының өзара байланысуындағы өзгерісінен туындайды. Өзімізге белгілі Төлен Әбдіковтың «Оң қол» шығармасындағы Алманың оқиғасы осы дертпен тікелей байланысты.

Котара синдромы

Котара синдромы (тірі мәйіт синдромы) бітпейтін депрессия мен суицидке бейімділік белгісі. Мұндай синдромы бар адамдар осы өмірімен байланыстыратын барлық нәрседен айырылғандарын айтады. Мәселен, бір дүниеге қызығушылықтарынан, талғамынан, тіпті өз денесінен де. Олар ендігі адам емес, тірі мәйіт екенін сенімді түрде айтады. Өздерін өлдім деп есептеу олар үшін мәңгілік өмірдің бір белгісі іспеттес болуы да мүмкін. Кейде емделушілер өз денелерінің бөлшектеліп жатқанын, оның шірігендегі иісін сезіп тұрғанын, құрттардың ішіне түсіп жеп жатқандығын айтады. Бұл психикалық бұзылысты алғаш рет психиатр Жулье Котар 1880 жылы сипаттап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға