Жаңалықтар

Малика Мұқтарова: Күш-жігерді жинап, ұнатқан іспен айналысу қажет

Жігері мықты қостанайлық арудың жетістігі  
Малика Мұқтарова: Күш-жігерді жинап, ұнатқан іспен айналысу қажет
16.01.2020 17:37 5386

Елімізде тумысынан сал ауруына (ДЦП)  шалдықса да, білімқұмарлығымен, талантымен көпшілікті сүйсінтіп жүргендер бар. Болашағынан үлкен үміт күттіретін сондай жандардың бірі – 19 жастағы қостанайлық Малика Мұқтарова.  Арбада отырып билеуден  елімізді халықаралық ареналарда танытып, мерейін асқақтатып жүрген әрі 2019 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Малика Болатқызымен «El.kz» порталының тілшісі әңгімелескен болатын.

Малика 2000 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Сал ауруымен туған сәбиді дәрігерлер мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне өткізу керектігін айтқан. Алайда бұл шешімді құп көрмеген кішкентайдың ата-анасы көптен күткен сүйікті қыздарын үйіне алып кетеді. 

– Ата-анамның айтуынша, маңызды шешім қабылдайтын кезде оларға үйдегі әжем де ақылын айтып, қолдау көрсеткен. Яғни «бұл біздің жанұяның бір мүшесі, сондықтан оны қандай жағдай болмасын, ешкімге бермейміз» және перзентханадан шығарып жатқанда дәрігерлерге: «Ертең-ақ көресіздер, бұл сәби үлкен жетістіктерді бағындыратын болады» деген болатын, - дейді Малика Мұқтарова.  

Фотода: Малика Мұқтарова

Малика алты жасынан бастап түрлі салаларға қызығушылық таныта бастаған. Әсіресе сурет салуға қызығушылығы барын байқаған ата-анасы оны  сол үйірмеге бермек болады.

– Бойыма сіңген дарынымды жан-жақты дамыту үшін анам  мені жеті-сегіз жасымда  сурет салу үйірмесіне апарды. Бірақ та мекеме басшысы балалар табиғат аясында және тағы басқа жерлерге барар уақытта  жүріп-тұру қиын болатындығын түсіндіріп, кешірім сұрап, мені қабылдаудан бас тартыпты. Олар әсіресе ары-бері қозғалған уақытта зақым алып қалуыма қатты уайымдаған. Сол уақыттары жалпы  біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар болмаған еді. Сондықтан өзге жерлерден де осындай жауап еститінбіз... 

Сол себепті қыздың ата-анасы вокалдан дәріс беріп, ән айтудың қыр-сырын үйрететін репетитор жалдайды. Шамамен бір жылдай  қазақ және орыс тілдерінде балалар әндерін  орындап дайындалған соң, Маликаның музыка әлеміне қызығушылығы арта бастайды. 2010 жылы Малика анасымен елордадағы республикалық балаларды оңалту орталығына келіп, бір айдай ем-дом қабылдайды.

– Мұнда балалар ем-домын қабылдаған соң,уақыттарын құр босқа жібермес үшін  би, сурет салу сынды түрлі үйрімелер ашылды. Мені бұлардың ішінде вокал жағы қатты қызықтырды. Содан бір күні әннен сабақ беретін оқытушым алдағы «Екі жұлдыз» атты әннен  болатын конкурсқа бөлім тәрбиешісімен бірге  қатысып, бағымды сынап көруге кеңес берді. Тәрбиешім екеуіміз көп ойланбастан «қатысамыз» деп шештік. Байқауда біз Қарақат Әбілдинаның  «Айналайын» атты әнін орындап, бірінші орынды иеленген болатынбыз. Бұл менің алғаш сахнаға шыққан кезім еді...

Малика отбасымен  теледидардан мүмкіндігі шектеулі жандар өнер көрсететін «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі жайында көріп, сол жайында ақпараттар іздей бастайды.

– Бұл бірлестікті Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлова атты арбаға таңылған ерлі-зайыптылар басқарады. Олар облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың уақытын тиімді жұмсау бағытында көптеген шаруалар тыңдырып келеді. Менің үйде бұғып отырмай, жан-жақты болуымды қалаған ата-анам осы бірлестік ұйымдастыратын түрлі концерттерге қатысу  үшін басшылығынан рұқсатын алды. 


 

 Осы уақыттан бастап өнерді сүйетін 10 жастағы өрімдей қыздың шығармашылық әлемі басталды. Тұрақты түрде вокалдан сабақ беретін педагогтармен дайындалатын ол түрлі іс-шараларда қазақ және орыс тілдерінде әндер орындап, көпшіліктің жылы лебізіне бөленіп жүрді. Маликаның әжесі Ұлболған апамыз Ресей жерінде туып өскендіктен, немересіне алғаш рет орыс тілінде ән шырқауды үйретіпті. Екі тілге де жүйрік өнерпаз арбада билеуді қатар алып жүр.

– Бір күні маған бірлестегі оқытушыларым келіп, «Малика, сен әнді жақсы орындайсың, музыкалық қабілетте бар... Енді сахнаға әнмен қоса, биді де алып шығуға қалай қарайсың? Егер ұнап жатса, ары қарай жалғастырасың, ал ұнамаса, онда қоя саласың» деді. Бұған дейін арбада билеп көрмегенмін...  Тіпті бұл спорт түрін  ұнатпаймын... Содан би билеуден алғашқы дайындыққа келіп, өзгелердің істеген қимылдарын сыртынан тамашалай бастадым. Оған қоса, спорттың осы түрінен өткен жарыстарда спортшылардың әзірлігі мен сахнада көрсеткен нөмірлерін сырттай бақылап, қызығушылығым оянғанын байқадым. Сөйтіп, бір жарым жылдай үзбей дайындалып, түрлі деңгейде өткен жарыстарға қатыса бастадым.

Малика 2015 жылы облыстың бес дүркін чемпионы атанса, 2016 жылдан бастап халықаралық жарыстарға елдің атынан шыға бастады. Әлем кубогы мен құрлықтық кубоктық жарыстарда өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жігері мықты қыз күн сайын жалықпай дайындалып, Азия чемпионатында еліміздің беделін асқақтатып, I орынды қанжығасына байлаған еді.

Талантты қыз билеу кезінде қиындықтарды ұмытып, қимыл-қозғалыстарды барын сала меңгереді. Бұл арбада билеу көңіл сергітумен қоса, денсаулыққа тигізер пайдасы да зор.

Әлемге танымал классик композитор Бетховеннен кезінде ән жазуды қалай үйренгенін сұрағанда «Бастысы істеп көру керек» деп жауап берген болатын. Сол секілді қазіргі кезде тағдырдың тезіне ұшырап, қоғамға қосыла алмай жүргендерге біздің кейіпкеріміз де композитордың айтқанындай көңілі қалаған нәрсені жасап көруге шақырады.

– Сіз айтқандай қос аяғынан не қолынан айырылып болмаса түрлі дертке шалдығып, үйде отырған балаларды жиі кезіктіремін. Бірақ олардың бастысы – дені сау... Сондай жандарға айтарым, өмірде түрлі жағдайлар болады. Соған қарамастан күш-жігерді жинап, ұнатқан іспен айналысу қажет. Тіпті біреулер мүмкін емес десе де, қолға алып, айналысып көріңіз. Егер бұдан нәтиже шықпаса, басқа іспен айналысасыз... Бастысы  бір орында отырып қалмай, әрекет ету қажет.

Өмірге құштар ол  Қостанай қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 мектебін 2018 жылы бітіріп, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай Мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түскен. Қазіргі кезде музыкалық білім алып жатқан ол күнделікті өзге студенттермен бірдей сабаққа барып, дәрістер тыңдайды. 

Сонымен қоса, өнері барда мүмкіндігі шектелмейтін 20 жастағы Малика 2019 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.

– Негізі мен 2016 жылдан бастап қатарынан үш рет қатыстым. Дәл сол жылдары жеткен жетістіктерімді жинап, тапсырдым. Бірақ та алғашқы екеуінде аз балл жинап, өтпей қалдым. Расын айтсам, соңғы үшіншісінде тапсырғым келмеген еді. Бірақ облыстық спорт комитеті «соңғы рет тапсырып көр» деген болатын. Базада бұрынғы мәліметтерім сақталғандықтан соңғы жылдары жеткен жетістіктерімді қосып, жаңартып, өтініш жібердім. Кейін таныстарым мен достарыма тараттым. Олар ары қарай таратты.. Сөйтіп, екі аптадан аса уақыттың ішінде шамамен 24 мың дауыс жиналды.. Осыншама балла жинасам да, хабар болмаған соң, әрі бұл сабақ уақытымен тұспа-тұс болғандықтан  бұл жайында ұмытып кеттім. Арада біраз күн өткен соң, университетттен үйге қайтып келе жатқан жолда маған хабарласып, жеңімпаз болғанымды хабарлады. Бұл қуанышты хабарды естіген соң, дереу үйге барып, ата-анаммен, әжеммен бөліскен едім.

Ол қазіргі кезде оқудан тыс уақытында «Үміт» қоғамдық бірлестігінде вокал және би үйірмесіне қатысады. Сонымен қоса, қолы қалт етсе оқушылар мен студенттермен кездесіп, түрлі қызықты тақырыптарда әңгімелесуді әдетке айналдырған.

Жетістікке жеткен жандардың өмірін өзгелерге үлгі етуге бағытталған жобаның жеңімпазы   қостанайлық Маликаның жауапкершілігі одан сайын артатыны белгілі. Өмірін өнерге арнаған ол алдағы уақытта  биік-биік белестерді бағындыратынына сенеміз.

(Суреттер авторы Бауыржан Жуасбаев)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға