Жаңалықтар

Қарашығын туралы білесіз бе?

Алым-салымның түрлері көп болған. Олар әркезде әрқалай аталды. Соның бірі – қарашығын.
29.06.2015 06:25 8825

Алым-салықтың түрлері көп болған. Олар әркезде әрқалай аталды. Соның бірі – қарашығын. Бұл туралы деректер көп кездесе бермейді. 

Қарашығын туралы білесіз бе?

«Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясында қарашығын туралы аз-маз жазылған екен.

Қарашығын – ХІХ ғасырдың екінші жартысы кезеңінде ауыл тұрғындары төлейтін жергілікті биліктің өкілдері – болыс пен старшындарға тиесілі алымның түрі. Қарашығын – қазақтың орыс мемлекетіне төлейтін салығынан – алымынан тыс қосымша шығын. Төлемнің осы түрінің қарашығын деп аталуы оның озбыр табиғатын айғақтайды. Төменде беріліп отырған Абайдың жансеріктерінің бірі Кәкітайдың баласы Әрхам Ысқақовтың ұлы ақын жөніндегі естелігінде алым мен қарашығынның «...ел басына, соның ішінде, кедейге, малшы-жалшыға түсетін ауыртпалық, еңсесін көтертпейтін аузын аққа, иінін киімге жарытпайтын айықпас сор екендігі» айтылады:

«...Патшаның шаңырақ алымы дегені бай, кедей демей шаңырақ иесі болған үй басына бірдей 4 сомнан болады екен. Оның үстіне қара шығын, «земский сбор» болыс, старшын алатын шығындар екен. Одан бай-дәулетті адамдар малын, жүнін, терісін сатып құтылады да, қолында малы жоқ кедейлер ақша таба алмайды екен. Старшын екі-үш рет «алымыңды төле» деп барады екен де, тауып бере алмаған соң, сенің алымың, шығының (недоемко-мәтінде солай-ред.), яғни, төленбей қалғандықтан өсіммен төлеуге қалды дейді екен. Мына саудагерлерді қарастырғанда жаз берілетін қойға солардың ақша сұрап алып, алым-шығынды төлеу екен. Ақша берушілер жаз алатын бір бойдақ қойға 80 тиыннан ғана береді екен. Содан, 4 сом шаңырақ алым, 1 сом қарашығынға кедей 7 қой төлеуге міндетті болады екен. Байларға жалданған малшы-жалшының жаз алатыны 4 қой, 4 киім, қыс алатыны 3 қой, 3 киім, енді жаз шығып, жер қарайғанда ақша берген саудагердің малын жинайтын адамдары келгенде старшын орыс «стражник» етіп жүріп, алымы недоемкаға қалғандарды «мал төле» деп қысады екен. Лажы құрыған кедей байларға жалынып бір жылға басын байлап 7 қой алып беріп зорға құтылады екен...»

Алым, соның ішінде, қарашығын осы кезеңде орыстың отаршылдық билігі тарапынан дәстүрлі қазақы ортада орнықтырылған басқа да әлеуметтік, саяси, идеологиялық, экономикалық қазақы болмысқа жат институттар сияқты метрополия мен отар елдің арасындағы байланыстың озбыр мәнін айғақтайды, әрі қазақ социуміндегі әлеуметтік жіктелістің сойқанға соқтырар табиғатын білдіреді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға