Жаңалықтар

«Арақ пен әйелден сақ бол». Шәкен Айманов дарынды шәкіртіне қандай ескерту жасады

«Арақ пен әйелден сақ бол». Шәкен Айманов дарынды шәкіртіне қандай ескерту жасады
Фото: Коллаж El.kz 15.02.2024 14:40 6650

Бүгін ұлт мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды. Қазақ киносының атасы атанған тұлғаның көзін көрген жандар жыл өткен сайын азайып барады. Көзі тірісінде Шәкен Аймановтың өзі қамқорлық танытып, актер болып қалыптасуына бағыт-бағдар берген шәкірттерінің бірі - Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевпен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аз-кем әңгімелескен болатын. 

Шәкен (Шаһкерім) Айманов 1914 жыл 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келді. Өнер саласындағы алғашқы қадамын 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрында актер болудан бастайды. Театр қабырғасында жүріп Шәкен қазақ, орыс және шетел драматургтерінің таңдаулы шығармаларында ойнайды.

Кейінгі ұрпақ Шәкен Аймановтың дарынын көбінесе кинематография арқылы, оның кинодағы образдары мен түсірген фильмдері арқылы таниды. Ол 1938 жылы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі «Амангелді» фильміне алғаш рет түседі. Бұл картинада ол эпизодтық рөл ойнайды. Ал 1953 жылы «Жамбыл» фильмінде басты рөлді ойнап, өзін актер ғана емес, әнші ретінде де танытады.

Шәкен Айманов – қазақ киносының тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атамекен», «Атаманның ақыры» фильмдері классикаға және қазақ киносының алтын қорының ажырамас бөлігіне айналды.

«Ол кезде Шәкен аға «Қазақ» фильмнің көркемдік кеңесінің бастығы болатын», деп бастады әңгімесін актер Нұржұман Ықтымбаев.

Бірде Шәкен Айманов шақырып жатыр деген соң қабылдауына келдім. Ол «Қилы кезең» фильміне түскен кезім болатын. «Әй, қалқан құлақ, келдің бе?», деді. Кейіннен еркелетіп осылай атап кетті. Саған аттас ағаң бар деп, Нұрмұхан Жантөринді кабинетіне шақырды. Нұрмұхан ағаға бұл баланы дубляжға алып бар, жалақы алатын болсын деп тапсырды. Содан кейін өзің қасыңа алып, тәрбиелеп, не керек, қай жерде сүрінесің, қалай көтерілесің соның бәрін үйрет деді. Осыдан соң мен Нұрмұхан ағаның шәкірті және бауыры болдым, – дейді актер.

Актер Нұрмұхан Жантөриннің шәкірті, інісі сияқты болса да, Шәкен Аймановтың көзінің қиығынан кетпегенін айтады. Режиссер үнемі актерді бақылап жүріпті.

Бір күні Шәкен аға мені өзіне шақырды. Барсам «Атаманның ақыры» деген фильмінің бір рөліне ешқандай кастингсіз сені бекіттім деді. Осы фильмнен кейін ол кісі мені одан да жақын тартып, өте жақсы көріп кетті. Бауырындай қарап, қайда барсам да ақырын қарап жүрді. 1968 жылы мені Мәскеуге шақырды. Сол жаққа кетерде маған Шәкен аға қарап тұрып: «Екі нәрседен сақ бол:  бірі – арақтан, екіншісі – әйелден. Қалғанының бәрін Құдай өзіңе берген», деді. Содан Коля Рыбников, Ольга Сошникова, Алла Ларионова сияқты атақты әртістермен «Жетінші аспан» деп аталатын фильмге түстім. Одан кейін мені «Мосфильм» тани бастады, – дейді актер.

Сол уақытта Шәкен Айманов Мәскеуге келген сайын актерді қонақ үйден табатын көрінеді.

Тауып алып, қалың қалай, жағдайың жақсы ма, деп бірден сұрай кететін. Ол кісіні дүниеден өтердің алдында соңғы рет көрген қазақ мен болдым. Бірде Коля Рыбников бірге Донецкіге түсірілімге баратын болдық. Сол кезде мені және Шәкен ағаны, Қуат Әбусейітовті Коля Рыбников үйіне қонаққа шақырды. Үйіне барып, түнімен әңгіме соқтық. Ол кісі мандалинмен ән айтты. Әсіресе, романстарды керемет айтушы еді, – деп еске алды ол.

Донецкіге барғаннан кейін кешке қарай актер суық хабарды естиді.  «Шәкен аға қайтыс болды» деген телеграмма жетеді.

Билет алып, енді ұшайық деп тұрғанда, тағы телеграмма арқылы «Алматыдан адамдар келіп, ол кісіні алып кетті» деген хабар келді. Содан біз қала бердік. Шәкен ағаны соңғы рет көрген қазақпын, – дейді Нұржұман Ықтымбаев.

Актер сол уақыттарда оқуға түсуді ойланып жүргенін айтады. Бірде Шәкенмен соңғы рет кездескенде актерге айтқан сөзі «Сен дипломмен туғансың, басты қатырмай киноңа түсе бер» деп күліп айтқан сөзі бар екен.

Одан кейін бірде Әзербайжан Мәмбетов мені театрға алмақшы болды. Мен келісіп, құжаттарымды алып енді кетейін деп тұрғанда, кадр бөлімінің бастығы Шәкен ағаға айтып қойыпты. Осылай кететін болып жатыр деп. Содан Шәкен аға мені шақырып «сен театрға барсаң, саған біз қаппен кепкен нан апарып жүретін жағдайымыз жоқ. Тыныш отыр. Бақытың осы кинодан болады» деп бетімді қайтарып тастады. Кадр бөлімінің бастығын шақырып «мынаның құжатын беретін болсаң, жұмыстан кетесің. Сейфке құжатын тығып қой» деп тапсырма берді, – дейді ол.

Режиссердің айтқан сөзінен асып кетпей, Нұржұман Ықтымбаев қалып қояды. Қазір сол кісінің айтқан сөзін «неткен көрегендік» деп еске алып отыр.

Шәкен ағаның арқасында кинодан бақытымды таптым. Шәкен аға жүрегі өте кең, кеңпейілді адам болды. Жақсы көрген жанның бәріне қамқорлық жасады. Ол кезде жұрт түрлі әңгіме айтып «Шәкен аға жол бермейді, сөйтеді-бүйтеді» деп сөз қылды. Мұның бәрі бекер сөз. Өйткені Шәкен аға шамасы келгенше, бәріне көмектесуге дайын жүретін. Осы кісінің арқасында көптеген актерлер биікке көтерілді. Көбісі киноға келді. Сондықтан ол кісі өзі адал адамды, тазалықты жақсы көріп, өсек-аян, іштарлықты жек көріп, мұндайдан жиіркенетін, – дейді актер.

Айтуынша, Шәкен Айманов дарынды адамдарды жақсы көрген. Сондықтан да болар, Нұржұман Ықтымбаевты ешқайда жібермей, қасында ұстаған.

Сондай кең пейлді, дархан адам еді ғой. Дүниеден өткенше бірге болдық. Мәскеуге кетіп қалсам да, ол кісі съезге, жиналыстарға да келіп мені тауып алатын. Тапқанмен де алысқа кетпей «Мосфильмнің» қонақ үйінде тұрдым. Телефон шалып, кездесіп, бірге жүріп, шүйіркелесетін едік. Бір сөзбен айтқанда, өте жақын болдық. Шәкен ағаны қазақ халқы тірі кезінде ұмытпайды. Әрқашан есімізге алып жүреміз. Кино атасының әруағы әрқашан қолдап жүрсін, – деп еске алды Нұржұман Ықтымбаев.

Айта кетейік, бүгін қазақ кино атасы, даңқты режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы.

Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген "Атаманның ақыры" атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. Ол 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға