Жаңалықтар

Арамызды мұхит бөліп тұрса да, Қазақстанмен алыстықты сезінбеймін

АҚШ-тағы жас филолог, журналист, әуесқой жиһанкез әрі марафоншы Ербол Молдажановпен сұқбат
Арамызды мұхит бөліп тұрса да, Қазақстанмен алыстықты сезінбеймін
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 25.01.2023 17:00 3113

Америкадағы қазақ диаспорасының бүгінгі жай-күйі қалай? Олар қандай кәсіппен шұғылданады. Қалай тіршілік етіп жатыр деген El.kz порталының сауалдарына жауап алу мақсатында АҚШ-тағы түрлі салада білім алып, еңбек етіп жатқан қазақ жастарымен онлайн сұхбаттар циклін ары қарай жалғастырамыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз АҚШ-тағы жас филолог, журналист, әуесқой жиһанкез, марафоншы Ербол Молдажанов.

Ербол, онлайн-сұхбат беруге келісім бергеніңе рахмет. Өзіңді елде жүргенде дарынды жас филолог, танымал журналистің бірі ретінде танып қалып едік. Америкада қазір немен айналысып жүрсің?

Медиада азды көпті қызмет еткенім болмаса, өзімді дарынды филолог, талантты журналист деп санамаймын. Өйткені, қоғамның қордаланған мәселесін қағазға түсіріп, зерттеу журналистикасымен айналыспадым. 7 жылдық еңбек өтілімнің алғашқы 1,5 жылында ғана контент менеджер болдым. Қалған 5 жылдан аса уақытта бас редактор болып, кейін арнайы жобаларға жетекшілік еттім.  Сондықтан, өзімді экс медиаменеджер деп айтар едім. Қысқаша осылай…

Ол жақта немен айналысып жүрсің деген сұраққа келсем, Америкаға мен немен айналысу керек екенін түсіну үшін келдім. Соңғы жылдары мамандық ауыстыру немесе тереңдету жиі ойландырды. Өзгеріске алғашқы қадам жасау үшін комфортты зонадан шығу керек деп шештім. Қазір айналаға көз тастап, кеңірек қарап, бизнесін зерттеп, білім алу жолдарын іздеп жүрмін. Мұнда мен отбасыммен келдім, ұлым осындағы балабақшаға барады. Жарым бір жылдай ағылшын тілін жетілдірді. Жақында жаңа негізгі оқуы басталады. Нью-Йоркта өмір сүру қымбат. Бір шаңырақтағы екі адам бір уақытта білім алуы қиындау. Соны ескере келе, кезектесе оқуды жөн көрдік.

Арамызды мұхит бөліп тұрса да, Қазақстанмен алыстықты сезінбеймін

Адам болған соң әлемді бір аралап шыққанға не жетсін. Саяхаттау үшін қанша және қандай шет тілдерін білу керек. Өзің қанша тілде еркін сөйлейсің?

Егер нақты Америка туралы айтсақ, онда ағылшын тілін білу жеткілікті. Оны академиялық деңгейде меңгеру де міндетті емес. Жер аралап, ел танығың келсе, оған қаражатың мен жоспарың дайын болса, бар ағылшыныңмен де жолға шығудан жасқанбау керек. Төл қазақшамыздан бөлек түрік, орыс және ағылшын тілін білемін. Қазір ағылшын тілін жетілдіріп жүрмін.

Саяхатқа деген қызығушылығың қай кезден басталды. Оқырмандарға қызық болар, осы уақытқа дейін қандай елдерге саяхат жасап үлгердің?

Студент кезімде 3-ші курста жарты оқу жылын Түркияда, Анкара қаласында жалғастырдым. Саяхатқа деген махаббат сол кезде басталды. Түркияда туризм дамығаны сонша, біз қарапайым студент бола тұра, өзге қалаларға сапарлауды еркін ұйымдастыра алдық. Автобустар арзан болса да сапалы, шәй, интернеті бар еді.

Мына бір қызықты айта кетейін. Егер сен Анкарада мемлекеттік жатақханада тұрсаң, басқа қаладағы кез келген мемлекеттік жатақханада тегін тұра аласың. Бір күн бұрын жетекшіміз «біздің студент сіздерге бара жатыр» деп хабарласып ескертіп қоятын. Болды. Сондықтан барған жеріңде тек тамаққа ғана ақша шығарасың. Қалғаны су тегін болды. Солай жарты жылда жалғыз стипендияның арқасында Түркияның 11 үлкен қаласын араладық. Әр қаласы бөлек әлемдей көрінді. Екі жылдан кейін Мәскеуге оқу түстім. Бір жыл өмір сүрдім. Бірақ, маған Санкт-Петербург көбірек ұнады.

Одан кейінгі саяхатым Қытайда жалғасты. Ол жаққа он күнге жұмыс сапарымен бардық. Бұл сапарда аспан асты елінің он қаласын аралау бұйырды. Кей қалаға ұшақпен, кейбіріне пойызбен, машинамен бардық дегендей. Журналистерге Қытайдың экономикалық қуатын, өндірістік жетістігін көрсетуді мақсат еткен сапар еді. Сол кезде Нанкин, Бейжің, Гуанджоу сынды ірі-ірі қалаларын іштей сезіндік.

Кейін маған ой келді. Шекаралас елдерді тегіс көрдім, Түркияда тұрдым. Енді маған мұхит асу керек дедім. Сол ой 2019 жылы Америкаға ат басын бұрғызды. Ол кезде Нью-Йоркта жарты жыл тұрдым. Бірақ көп аялдамадым. Елге қайту керек болды. Содан кейін Карантин басталып кетті...

Өткен жылы бұл елге қайта оралдым. Бүгінге дейін 40-тан астам штатта 100-ден астам қаласында болдым. Көрген сайын көре берсем дейсің, зерттей түскің келеді. Әр штат жеке мемлекет секілді. Өз заңы, дара жолы, ұстанымы, өзгеше тұрғындарымен ерекшеленеді. Бұйыртса, алдағы екі жылда Американың елу штатында толық аралауды жоспарлап отырмын. Көлікпен баратын бес-алты штат қалды, ал Аляска мен Гавайға ұшақпен ұшып барамын. Американың 50 штатына табан тигізіп, бас қалаларында жүгіріп нүкте қойғым келеді. Сурет, видеоларды жинап жүрмін. Қысқаша ескертпе жазбаларым да бар, Құдай қаласа болашақта әр қала туралы өз әсерімді жазу жоспарда бар…

Арамызды мұхит бөліп тұрса да, Қазақстанмен алыстықты сезінбеймін

–  Американың жартысынан көбін көріп тастапсың. Саяхаттан не түйдің?

Бұрын тек Нью-Йоркте тұрған соң ойлайтынмын, Америка деген алпауыт, тек қана биік үйлерден құралған деп… Бір жарым жылда 40 штатын аралап шығып, халқымен сөйлесіп, тұрмысын көрген соң түсінгенім Америка Нью-Йорк емес, Нью-Йорк Америка емес. Тұрғындары да әр түрлі. Бәрі бірдей бай, бақуытты деп те айту қиын. Бұл жақта да еңбек етпегеннің күні қараң, себебі әр жерде тұрмыс деңгейлері әртүрлі. Сондықтан Америка әркелкі, Америка сан түрлі, Америка жұмбақ.  Оны көзбен көру керек, оны ішінен сезіну керек!

Ербол, енді Грин карта туралы айта кетсең, оған қалай қатысуға болады? Шетелге виза алу туралы да айта кетсең.

Грин карта туралы негізі виза консультанты жауап бергені дұрыс. Қарапайым азамат ретінде мен қалай көремін, солай айтып көрейін. Бұл АҚШ территориясында заңды тұрып, еркін жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат. Өйткені Америкада мысалы туристік немесе студенттік визамен жұмыс істеуге болмайды. Ол үшін статусты ауыстырып, жұмыс істеуге рұқсат қағаз алу керек. Мысалы сені Фейсбукқа жұмысқа шақырса да, work permit болмаса қиын. Егер ол компания жұмыс визасына көмектессе, ол бөлек әңгіме.

Грин карта иегері – жай тұрғын. Паспорт иегері – ел азаматы. Грин карта иегерінде дауыс беру құқы жоқ һәм сайлауға түсе алмайды. Америка азаматы бұл екеуіне толық құқылы. Басқа кезде мүмкіндіктері тең деуге болады.

Грин карта алуға қалай қатысуға болады, нақтылай кетсең.

Грин картаға қатысудың бірнеше жолы бар. Оның біреуі, ең жақсысы ол лоторея. Жыл сайын қазан-қараша айларында тапсырады. Сосын алдағы жылдың мамыр айында жауабы шығады. Егер ұтсаңыз, ол жақсы жаңалық дер едім. Мұнда келіп білім алып, бизнес бастағыңыз келсе ол жақсы старт береді. Бұдан басқа Грин картаға жұмыс визасы бойынша, дарынды спортшы, мықты өнер адамы болып та тапсыруға болады. Олар бөлек категория.

Ал Виза туралы ақпаратты кез келген адам алдымен гуглдан оқып білу керек. Келудегі мақсатты айқындау маңызды. Америкаға ешкім визасыз кіре алмайды. Интернетті ақтарып, виза түрін зерттеу керек. Студенттік, туристік, жұмыс визасы, әрқайсын жеке, терең қарап, талаптарын түсіну маңызды. Сосын өзіңнің оқиғаңа қарап, қайсысына сәйкес келесің, соған күш салу тиімді.

Айталық әлемнің 5-10 мемлекетінде болып келсең, сенің портретің туристке сәйкес келеді. Ал Қазақстанда мұнай саласында инженер болып істеп жүрсең, компанияға шетелден келетін мамандармен сөйлесу үшін ағылшын тілін көтергім келеді десең, студенттік виза сенің жолың. Визаға тапсыруға көмектесетін агенттіктер бар, бірақ олар әртүрлі, оларды да дұрыстап зерттеу қажет. Алаяқтарға алданып, көп ақшадан айырылған оқиғаларды жиі естуге болады. Солардан абай болған дұрыс. Кез келген адам бір апта уақытын арнаса интернеттен керекті ақпаратын тауып алуына болады.

Әлеуметтік желі арқылы жүгірумен айналысып жүргеніңді жиі көреміз. Жүгіру спортымен кәсіби түрде айналысасың ба әлде ол тек хобби ма?

Жүгірумен кәсіби айналысу үшін ол сенің кәсібің болуы керек. Аз болса да табыс әкелуі тиіс. Мысалы кәсіби спортшылар жүгіру арқылы өзін һәм отбасын бағады. Ерте тұрып жүгіріп, түсте тамақтанып, ұйықтап, кешке екінші жаттығуға шығады. Бұл кәдімгі жұмыс, кәсіп.

Ал менде басқаша, жүгіру маған ақша әкелмейді, керсінше жүгіру үшін мен ақша төлеймін (күледі). Ол менің хоббиім. Мен әуесқой айналысамын. Бірақ жүгірудің мен үшін маңызы өте зор. Жүгірмесем, 40 штатты аралау сондай қызық болмаушы еді. Мысалы Вашингтон штатына саяхаттап келдік делік, соның тек қаласын көріп кету маған аздық етеді. Оның адамдарымен араласып, табиғатымен етене танысқым келеді. Сол жердегі орман, тарихи орын, мұхиттың жағасы, жаңа қала, жол, ауылдық жер және т.с.с. соның бәрін жүгіріп өткім келеді. Бұл біріншіден танысу, екіншіден спорт. Менде жүгіруге арналған телефон қосымшасы бар, сол менің қай жерде жүгіргенім жайлы белгі қалдырып отырады. Қай жерде жүгіргенімді бір жылдан кейін немесе 5-10 жылдан кейін қарап көрсе болады. Әрбір жүгірген жерімді, өзімді сурет, видеоға түсіріп, қатар жинаймын. Былайша айтқанда күнделік, болашаққа естелік жинап жатырмын. Аталарымыз «атың барда жер таны, желіп жүріп» дегенін мен «жастық жалын/ денсаулық/ аяғың барда жүгіре жүріп жер таны» дер едім. Жүгіру жұмбақ әлемге жетелейтін медитация сағаты деуге болады. Екіншіден, жүгіру деген тәртіп. Сені жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін темірқазық. Екі жыл бұрын бастаған хобби бүгін өмір салтыма айналып үлгерді. Маған ұзақ қашықтықтар ұнайды. Бүгінге дейін бірнеше рет жартылай марафон жүгірдім.

Алдағы уақытта Нью-Йорк марафонына қатысқым келеді. Ол әлемдегі ең танымал үздік алты марафонның бірі. Үшеуі америкада: Нью-Йорк, Чикаго, Бостон, қалған үшеуі Лондон, Берлин және Токио. Осы марафондарды жыл сайын бір-біреуден жүгіріп, алдағы алты жылда бәрін бағындырсам деймін. Бұл жай ғана арман емес, алдыға қойған мақсат. Ондай мақсатқа жету үшін сен әрдайым формада болып, өзіңді жақсы сезіну керексің. Қазақстанда Алексей Гусаров деген арнайы жаттықтырушым бар. Жеке мақсат, бағдарымды ескеріп арнай жоспар жазады, сол бойынша дайындаламын.

Жалпы жүгіру маған өмірге деген үлкен құлшыныс сыйлады. Бірнеше жыл ағылшын тілін оқуды біресе бастап, біресе тастап жүрдім. Жаттықтырушым жазған жоспарды бұлжытпай орындау жарты жылда жүгіруде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Содан ойладым, кез келген нәрсені осындай спорттық дайындық секілді қарасақ, бизнесте де, отбасылық мақсатта да, кез келген салада дамуға болатынына көзім жетті. Жүгіру менің тұлға болып қалыптасуыма да әсер етуде. Бұл менің серігім, махаббатым, ол менімен бірге өмір сүреді.

АҚШ-тағы қазақ жастарының ұйымшылдығы қандай. Қандастарымыздың басын қосатын қандай да бір ұйым бар ма?

Мұндағы қазақтар жалпы ұйымшыл. Бірақ елдегідей жиі бас қосып, кездесу мүмкін бола бермейді. Себебі бәрі қарбалас жұмысқа көп көңіл бөледі. Бірақ үлкен мерекелерде бас қосып тұрады. Наурыз мейрамы сияқты, өзіңіз білесіз, Нью-Йорктегі былтырғы Наурызға бес жүздей қазақ жиналды. Жалпы алғанда шетелдегі қазақтардың басын қосатын Қор немесе басқа да ұйымның болғаны жөн. Осы жақта бала-шаға өсіп келе жатыр. Мұнда қазақтар бірнеше жыл тұрады, сондықтан тамырынан ажырап қалмай, тіл, тарих пен мәдениетті ұмытпай ортақ мақсаттарға жұмылуы үшін бір ұйым керек деп ойлаймын. Бір жақсысы қазір дамыған заман. Өзім қазір Америкадамын, арамызды мұхит бөліп тұрса да Қазақстанмен алыстықты сезінбеймін. Себебі туған елдің ақпараттық кеңістігіне қалаған уақытта сапарлауға кедергі жоқ.

Қазақстанмен байланысың қалай, туған-туыспен араласып тұрасың ба. Қазақстанға қайтып келіп қызмет ету ойыңда жоқ па?

Иә, ата-анаммен хабарласып тұрамыз. Қазір ақпараттық технология ғасыры, алысты жақын еткен технологияның барлық мүмкіндігін пайдаланып жиі сөйлесеміз. Немерелерін сөйлестіріп тұрамыз. Туған-туыспен күнде сөйлесуге мүмкіндік бола бермейді. Айда-жылда хабарымызды білдіріп отырамыз.

Қазір елдің сыртында да жүріп елге қызмет етуге болады дегенге көзім жетіп жүр. Сондықтан елге бару жағы әзірге белгісіз. Әрине Отанда жүрген не жетсін...

Жалпы Америкадағы қазақтың білімді жастарын қалай елге қайтаруға болады. Ол үшін Қазақстан қандай жұмыстар жүргізуі тиіс?

Сырттағы қазақты жаппай елге қайтару дегенге қосыла алмаймын. Қайтқаны жақсы, бірақ асықтыру қажет емес. Мысалы біз «Болашақпен» де оқытамыз, бір жыл, екі-үш жыл, төрт-бес жыл. Содан кейін бірден елге қайтуын талап етеміз. Бірақ ол азамат жаңа елде жаңаша жүйеде білім алғанымен, тәжірибе жинап, «майданға» түсіп көрмеді. Өзінің білгенін, теориялық білімін шыңдап үлгермеді. Идеал нұсқада білім беруге мүмкіндік бергенімен, біраз уақыт жұмысқа да мүмкіндік беру керек сияқты. Өйткені сырт жақтың бір «қайнауына» түссе, сол кезде ғана нағыз тәжірибе мен білімді алатыны анық.

Қазір көріп жүрміз шетелге, әсіресе Америкаға оқуға келген жастардың елге қайтуы шынында да қиын мәселе болып отыр. Оны көбісі ақшамен байланыстырады. Табыс үшін тиімді мүмкіндіктер елі екендігі көпке аян. Кез келген адам жалқауланбай еңбек етсе көп нәрсеге қол жеткізе алады. Сондықтан бәрі осы жаққа асығады.

Деседе де, шетелдегі білімді жастардың, үлкен қызметтегі адамдармен сөйлесе келе түсінгенім, негізгі нәрсе ақша емес, ол саяси көңіл күй, елдегі атмосфера. Билік басындағылардың іс-әрекеттері кері сезім тудырады. Сондықтан Қазақстан тезірек жаңа даму бағытына түсіп, демократиялық жолда жаңалықтар орын алса, тең құқылы, сөз бен ой бостандығы орнаған елге айналса деймін.

Шеттегі қазақтың басын елге келуге біріктіретін бір идея керек. Осыған дейін «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» деп әртүрлі идеяларды алдыға салды да аяқ жағы сиырқұймышақтанып кетті. Менің ойымша жақсы бір идея жанына топтасуымыз керек. Рухани бағыт пен қатар халықтың әл ауқатын көтеру өте маңызды. Кез келген жұмыс істейтін отбасы ипотекаға баспана ала алуы тиіс. Көлік алу да үлкен мәселе, көршілермен салыстырғанда қымбат, салондарда бір жыл кезекке тұрасың. Ең қажетті заттардың қол жетпес дүниеге айналуы жақсы емес расында. Шетелге жастардың ағылуы қай кезде тоқтайды? Олар өз болашағын туған елінде көре алған кезде… Әділдік іздеу құқығын ешкім таптамай, сөз бостандығына ерік берген кезде…

Әлеуметтік желіде белсенді екенсің, оқырмандарыңның санын еселеу үшін алдағы уақытта қандай контент ұсынатын боласың?

Уақыт өте тығыз. Қалай мүмкіндік болады, солай жолжазба стилінде посттар жариялағым келеді. Ол табиғат әсері не кезіккен жолаушылардың оқиғалары болуы мүмкін. Түйсінген ой-тұжырымдар да жетерлік…

Мысалы, мидағы шектеулерді алып тастау туралы қанша жазса да артық етпес. Шектеу бар жерде тәуекел жоқ. Қорқынышты жеңбесең, мақсатың алыстай береді. Кейде сырттай бақылап, ішің ашиды. Жаңа нәрсеге барынша ашық болуға тырысамын. Ойыма не келсе бірден жүзеге асырамын. Сан түрлі нәрсені істеп көргім келеді. Мидағы шектеуді бұзу маңызды…

Жалпы интернеттегі қазақ тілді контент жайлы ойыңды білсек.

Қазнеттің тұрақты тұтынушысымын. Сапар кезінде жол ұзақ болса подкаст тыңдаймын. Бұл бағыт елде жақсы дамып келеді. Соның бірі «Dope Soz». Қазір өзіме қатты ұнап жүргені «Zamandas», оны Қанат Бисекеев жасап жүр. Өзім мұхиттың бер жағында болсам да, ойым-пікірім елдегі замандас азаматтармен бірге. Оқып бақылап отырамын. Подкаст әлемі маған қызық. Өзім де бастағанмын «Ottegi» атты подкастымды. Жалғастыру ойда бар…

Қазақша подкаст, деректі фильмдер, мини сериалдар жақсы дамып жатыр. Сайттарға келсек, оларда да жақсы ілгерілеу бар. Тұралап тұрғандары да жоқ емес. Даму үстінде. Жалпы қазақстанда қазақ тілді контенттің потенциалы өте жоғары. Мысалы өзім жұмыс істеген «Massaget» сайты қызметін 2011 жылы бастаған. Мақсаты таза қазақ тілді жастарға танымдық контент ұсыну. 2014 жылдан 2020 жылға дейін атсалысып аздаған еңбек жасадым. Жалпы қазақ тілді контентке үлес қосып жүрген барлық азаматтарға алғыс айтамын.

Жас журналистерге мотивация боларлықтай өзіңнің өмірлік ұстанымың қандай. Алдағы уақытқа қандай жоспарларың бар?

Медиада 7 жыл жұмыс істесем де, журналистика миссиясы жайлы ой-қорытынды соңғы жылдары ғана қалыптасқан сияқты. Бұл саладағы білімді жігіттермен әңгімелесе келе, айналаға көз тастап, түсінгенім, журналистика қоғамдық қызмет. Журналистика сонысымен бәрінен биік. Мысалы PR маманы, ол бір компанияның мүддесіне жұмыс істесе, журналистика ол халықтың, ұлттың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Бірақ бізде кей жағдайларда мемлекетшілдік дегендей сылтауларды тауып алып, биліктің қолшоқпарына айналдырып жіберген сәттерді де көргенбіз. Бұл өте өкінішті дүние.

Журналистер өз миссиясына адал болып, бар сөзі халыққа бағытталса, олар нағыз зерттеу журналистикасымен айналысса дұрыс болар еді. Қазір ардан аттап, аздаған ақшаға жалдамалы пост жазып жүргендер де бар. Оларды журналист деп айту аянышты. Журналистер сөз бен ой бостандығы, демократия үшін күрессе, өздерінің төртінші билік екендіктерін ұмытпаса екен деймін. Өзім журналистикаға оралам ба, оралмаймын ба әзірге белгісіз. Бірақ мен тәуелсіз, шыншыл журналистикаға әрдайым қолдау білдіріп отырамын.

Сұхбатыңа көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға