Жаңалықтар

Аралда балықшылар ата кәсібінен айырылуы мүмкін – депутат

Аралда балықшылар ата кәсібінен айырылуы мүмкін – депутат
Фото: © Pixabay.com 14.02.2024 17:43 716

Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Қызылорда облысындағы Арал ауданы халқының жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, экологиялық зардаптың тағдыр тауқіметін әбден тартқан өңір балықшылары ата кәсібінен айырылып қалуы мүмкін.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы да 2020 жылғы жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігі туралы айтқан. Дегенмен мәжілісмен мұның өзі мәселені шешуге септігін тигізбей тұр дегенді алға тартты.

Бүгінде кіші Арал теңізінде балықтың 20-дан астам түрі бар. Несібесін теңізден табатын тұрғындар осы күні балықтың 16 түрін аулап келеді. Арал халқының шырылдауының жөні бар. Су азайған сайын судың тұздылығы да жоғары болады. Балық өмір сүру үшін тұздылық 12 промиллден аспауы қажет. Бұдан жоғары болса, балықтың өсімі қалыптаспайды. Қазір, су айдынындағы тұздылықтың мөлшері - 12 промиллден жоғары. Өкініштісі, сонда да балық аулау лимиті әлі төмендемейді, - деді Мархабат Жайымбетов.

Депутат балық шаруашылығына қатысты ғылыми институттардың зерттеуіне уәкілетті органдар құлақ аспайды деп отыр.  

Бұдан бұрын да Арал теңізіне қатысты депутаттық сауал жолданды, ал Парламент қабырғасына келген уәкілетті орган өкілдеріне сұрағымды қойып жүрмін. Дегенмен жауаптары да судағы балық секілді, - деді ол.

Бүгінде Арал теңізінің арқасында қаншама халық күн көріп отыр. Осы күні өңірде 9 балық өндірісі (зауыт) және 20-ның үстінде шағын цехтар жұмыс атқарып келеді. Аталған кәсіпорындарда 2500-нан астам адам жұмыс істеуде. Негізі зауыттар 24 000 тоннаға дейін балық сақтауға қауқарлы. Депутаттың айтуынша, өнімнің жетіспеушілігінен кәсіпорындар өндірістік қуатына толық көше алмай отыр.

Жайымбетов заңсыз балық аулау мәселесін де көтерген.

Теңізді өлкеде заңсыз балық аулаудың дерегі өте көп. Бұған тосқауыл қоюдың бірде – бір жолы арнайы бекеттер белгілеп, салмақ өлшейтін таразымен қоса сапалы бейне бақылау жүйесін орнату қажет. Сонда ғана мұндай жағдайларды тежеп, қадағалау орнатуға мүмкіндік туады, - деді мәжілісмен.

Депутат бұл проблемалық мәселелерді уәкілетті органдар жедел назар аудармаса, Аралдағы балық шаруашылығымен айналысатын шаруалар «Еңбегі ештің күні кеш, тұзы сордың» күнін кешіп қала ма деп қауіптенеді. 

Мәжілісмен мынадай шараларды атқару қажет деп санайды:

  1. Жыл сайын балық қорына келтірілген зиянды анықтау және оны келешекте болдырмау мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп түбегейлі мониторинг жүргізуді. Сондай-ақ, балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын қалыптастыруға шара қабылдау.
  2. Кіші Арал теңізі учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғаларды заң шеңберінде тіркеу тетіктерін қарастыру.
  3. Броконьерлерге қатысты жұмысты қатаң тәртіппен ретке келтіріп, шара қолдануға құқығы бар күштік құрылымдарды жедел іске қосу.
  4. Балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын жүйелендіру.
  5. Апат аймағындағы халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты іс – шараларды қабылдау қажеттігін ұсынамын.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға