Жаңалықтар

Араб үйлестіру тобы Қазақстанда $7 млрд-қа жобалар қаржыландыруды қарастыруда

Араб үйлестіру тобы Қазақстанда $7 млрд-қа жобалар қаржыландыруды қарастыруда
Фото: t.me/KZgovernment 04.09.2024 22:01 972

Астанада Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейт экономикалық даму қоры және Абу-Даби даму қоры сынды институттарды біріктіретін Араб үйлестіру тобының (АҮТ) отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ислам даму банкі тобының президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер, Араб инвестициялық қорлары мен еліміздің мемлекеттік органдары әрі квазимемлекеттік компаниялардың басшылары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты Араб үйлестіру тобының Қазақстан үшін басымдыққа ие инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруы болды. 

Нұрлан Байбазаров өзінің алғы сөзінде еліміздің инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқаны үшін Араб үйлестіру тобына алғыс білдірді.

Бүгін Қазақстан Республикасында Араб үйлестіру тобының бірінші дөңгелек үстел отырысын өткізу арқылы берік әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағытында бірлескен алғашқы қадам жасаймыз. Қолдауларыңыз бен ынтымақтастыққа дайын болуларыңыз біз үшін маңызды еліміздің әлеуетін мойындау болып табылады, — деді ол.

Дөңгелек үстел барысында көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау салаларындағы жобалар таныстырылды, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары ұсынылды. 

Өз кезегінде Араб үйлестіру тобы делегациясының өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дөңгелек үстел отырысының хаттамасына, ОПЕК қорымен жеке сектордағы операциялар туралы негіздемелік келісімге және Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкі арасындағы келіссөздер хаттамасына қол қойды. Қол қойылған құжаттар одан әрі ынтымақтастық салалар мен әлеуетті жобалардың алдын ала тізбесін айқындайды.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді тікелей инвестициялардың сомасы бастапқы кезеңде $7 млрд құрауы мүмкін. Болашақта қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда.

Қорытындылай келе, Нұрлан Байбазаров Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына және елдер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға ықпал ететін ауқымды жобаларды іске асыруда әріптестік қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты сақтап, одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға