Жаңалықтар

Араб мемлекеттері лигасы Астана халықаралық форумына қатысады

Араб мемлекеттері лигасы Астана халықаралық форумына қатысады
Фото: gov.kz 30.03.2023 21:08 1230

Араб мемлекеттері лигасының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Қайрат Лама Шариф ұйымның Бас хатшысы Ахмед Абул Гейтпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгіме барысында басты назар Қазақстан мен Араб лигасы арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге аударылды. Аймақтық ұйымдар мен халықаралық іс-шаралар аясындағы диалогтың жоғарғы сапасы атап өтілді. Бас хатшы А. Абул Гейт ұйым мен Қазақстан арасындағы соңғы жылдары қалыптасқан ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, соңғы екі жылда Астанаға үш жоғары дәрежедегі делегация келгенін атап өтті. Олардың қатарында – АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің VI отырысына қатысқан Араб лигасы Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі бірінші орынбасары Халед бен Найеф әл-Хаббас бастаған делегация, АӨСШК VI саммитіне қатысқан Араб лигасы Бас хатшысының Араб елдері және ұлттық қауіпсіздік істері жөніндегі орынбасары Халил Ибрагим әл-Зауади бастаған делегация және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысқан Араб лигасы Бас хатшысының әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша орынбасары Хайфа Әбу Ғазалех бастаған делегация. Ол АӨСШК-де бақылаушы мәртебесіне ие Араб лигасының осы ұйыммен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігіне тоқталды.Сондай-ақ, араб мемлекеттерінің рөліне ерекше назар аударып, Араб мемлекеттері лигасына мүше 22 араб елінің 14-і Азия құрлығының мүддесін білдіретінін және олардың 8-і Азия кеңесіне мүше екенін атап өтті.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстанды құру курсы аясында еліміздегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы баяндады. Ол елімізде бәсекелестікті арттыру, ұлттық табысты әділ бөлу, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау шараларын қарастыратын экономикалық реформалардың жаңа бағдарламасын атап өтті. Елші Қазақстан Премьер-Министрінің атынан Араб лигасының Бас хатшысын осы жылдың маусым айында Астана халықаралық форумына қатысуға шақыру табыстады. Бас хатшы Ахмед Абул Гейт шақыруды ризашылықпен қабылдап, осы шараға қатысуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Араб лигасы мен Қазақстан арасындағы байланыстарды жандандыру ниетін растады. Астана халықаралық форумына барлық салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыру және кеңейту мақсатында Лигаға кіретін 22 араб елі мен Қазақстан арасындағы экономикалық серіктестіктің мүмкіндіктерін ашады деген сенім білдірілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға