Жаңалықтар

Қарағандыдағы Достық үйінде «Шабыт» көркемсурет галереясы ашылды

Қарағандыдағы Достық үйінде «Шабыт» көркемсурет галереясы ашылды
15.06.2018 10:10 1682

15 маусымда Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйінде «Шабыт» көркемсурет галереясының ашылу салтанаты болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында ҚХА «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыру ұйғарылған болатын. Қазақ халқының қолөнерінің шығу төркінін, оның өмірлік мән-мағынасы мен маңыздылығын Қазақстанда тұратын этнос өкілдеріне кеңінен таныстырумен қатар, киелі өнерге оларды да дағдыландырып, үйретуге байланысты Достық үйлері жанынан арнайы курстар мен шеберлік сыныптары ашыла бастады.

«Мұрагерлер-сақтаушылар-шеберлер» бағдарламасын әзірлеу және іске асыру аталған жобаны өміршең етуге қатысты қолға алынған өзекті шаралардың бірі болып табылады.

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Шабыт» көркемсурет галереясының ашылуы, жоғарыда айтқан бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты жасалған нақты қадам деп айтуға толық негіз бар.   

Айтулы шараға қатысушылар назарына ел Астанасының 20 жылдық мерекесін атап өту аясында ұйымдастырылған «Астана - бейбітшілік пен мейірімділіктің ордасы»  атты қарағандылық қылқалам шеберлерінің көрмесі ұсынылды.

Көрмеге Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университеті түлектерінің еңбектері  қойылды. Көрмеге ұсынылған туындыларды айшықтауда сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі әдіс-тәсілдері  және майлы бояулы кескіндемелер мен графика қолданылған. Қазақстандық жас суретшілердің барлық жұмыстарында қазіргі заманғы ізденістердің табы анық байқалады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚХА мүшесі, Қарағанды ​​қаласының құрметті азаматы Р. Омарбекова және Қарағанды ​​облысы ҚХА төрағасының орынбасары В.А.Хмелевский жасады.

Аталған көрмені ұйымдастырудағы мақсат – өскелең ұрпақтың елордаға деген құрметін арттырып, туған өлкесі Сарыарқаға деген сүйіспеншілігін еселей түсу. Көркемөнер құдыреті арқылы бейбітшілік пен келісімді және адамдар арасындағы өзара түсінушілікті кеңінен насихаттау болып табылады.

Достық үйіндегі халық шығармашылығы кабинетінде облысымыздағы этномәдени бірлестіктердің ынта білдірушілері өздерінің қарым-қабылетін одан әрі дамытып, шеберліктерін шыңдауға да жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай-ақ Достық үйінің халық шығармашылығы кабинетінде Қарағанды ​​облысы этномәдени бірлестіктерінің жас мүшелері мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері қатысуымен тәжірибелік  аралас технологиядағы коллаж құрастыру шеберлік сабақтары өткізілді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға