Жаңалықтар

Қарағандыда танымал фотосуретші Яннис Мармалидидің жеке көрмесі ашылды

Қарағандыда танымал фотосуретші Яннис Мармалидидің жеке көрмесі ашылды
08.11.2018 03:11 2479

Қарағандыдағы Достық үйінде грек фотосуретшісі Яннис Мармалидидің жеке көрмесі ашылды. Ол желтоқсанның соңына дейін жұмыс істейді.

Қостанай өңірінің тумасы Қарағандыға арнайы шақырылған. Танымал фотосуретшінің көрмедегі 9 суреттен тұратын  композициялар топтамасының "Менің Отаным – Торғай" деп аталуы да сол себепті. Яннис Мармалидидің Қарағанды облысының аумағындағы алғашқы көрмесі Теміртау қаласында өтті.

Яннистің айтуынша, еркіндік пен шығармашылық – оның өмірлік ұстанымы. Фотосуретші өмірдегі құбылыстарға жеке көзқараспен қарағандықтан, жасалған жұмыстары үлкен философиялық мағынаға ие.

«Бұл мүмкін әр адамның жеке көзқарасынан болар, мен мысалы бір жерге саяхаттап немесе жол жүріп, жыраққа шығып, қызық дүние көрсем, оны сол жерде таспалап аламын және оның қандай туынды болатынын бірден елестетемін» ,- дейді фотосуретші.

Фотокөрменің идеялық ойы – Жер бетіндегі әр пенденің өмірдегі өз орны барын, күнтізбе парақтарындай өтіп жатқан уақыттың мән-мағынасын көрерменге жеткізу. Ең бастысы, автордың жұмыстары тереңдігімен, табиғилығымен ерекшеленеді.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Понтос» грек этномәдени орталығының төрайымы Деспина Касапиди, аталмыш көрменің «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді насихаттау жолында тағылымдық маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға