Жаңалықтар

Қарағанды облысында орман өртеніп жатыр

Жалын Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарының аумағын шарпыған.
Қарағанды облысында орман өртеніп жатыр
Фото: 24.kz 22.06.2022 20:42 1855

Қарағанды облысында орман мен дала алқаптары өртеніп жатыр. Оқиға орындарында 300-ге жуық адам, 44 техника және 2 тікұшақ жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

Қарқаралы ауданындағы Қу орманшылығының аумағындағы өртті жоюға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қу шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың, өртке қарсы ерікті құрылымдардың, жергілікті полиция қызметінің, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, «Алтай Полиметалы» ЖШС-ның күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Өрт орнында барлығы 280 адам, 44 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмыс істеп жатыр.

ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ авиациясының көмегімен су шашу жұмыстары жалғасуда. 22 маусым сағат 17:00-дегі жағдай бойынша 12 рет су шашылды. 

«Қолға алынған шаралардың арқасында алдын ала болжам бойынша 250 га алаңда өрт ауыздықталды. Таулы жерлер, даланы түтін басуы, жел бағытының өзгеруі өртті сөндіруді қиындатып отыр. Лапылдап жанып жатқан жерлер жоқ. Тек бұталар мен шөптер бықсып жатыр. Қазіргі уақытта түтін шығып жатқан жерлерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға