El.kz

Әр дауыс – қазақ елінің келешегіне қосылған үлес – астаналық жас сайлаушы

15.03.2026 10:08

Елімізде өтіп жатқан референдумға жастар да белсенді қатысып жатыр. Бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс бергендердің бірі – Нұржас Темірхан, деп хабарлайды El.kz.

Жас сайлаушы Астана қаласындағы №149 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Ол бүгінгі референдумға қатысуын өзінің азаматтық борышы деп санайтынын айтты.

Нұржас Темірханның сөзінше, ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте жастар да белсенді болуы керек.

Мен бүгін бірінші рет өзімнің азаматтық борышымды өтеп, референдумға келіп, дауыс бердім. Барлық 18 жастағы азаматтардың да референдумға келіп, өз таңдауын жасағаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі әр дауыс – қазақ елінің келешегіне қосылған үлес, – дейді ол.

Жас сайлаушы жаңа Конституция қабылданса, бұл елдің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп санайды.

Оның пікірінше, құжат мемлекет дамуына жаңа бағыт беріп, қоғамдағы өзгерістерге жол ашуы мүмкін.

Егер жаңа Конституция қабылданатын болса, ол бізге жаңа бағытта өсуге, елді жаңа форматта дамытуға көмектеседі деп ойлаймын. Сонымен қатар халықтың өмірі мен мүддесін қорғауға, бұрынғы Конституциядағы кейбір олқылықтарды түзетуге мүмкіндік береді, – деді Нұржас Темірхан.

Айта кетейік, Астана қаласындағы №149 сайлау учаскесінде барлығы 2435 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде алғаш рет дауыс беріп отырған 18 жастағы 56 жас бар.