Жаңалықтар

Әр балаға 584 теңге: мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жанайқайы

Әр балаға 584 теңге: мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жанайқайы
Фото: ©El.kz/Бақытжан ОТАРБАЕВА 08.06.2023 15:53 1143

Баланы 584 теңгеге тойдыру мүмкін бе? Бүгін осы сұрақты Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкенге Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілі Марина Лаптева қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол – Астанадағы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің бірі. "Мұндай сомаға ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз деп шығынға батып отырмыз", - дейді ол. Әрі қоғамдық тамақтану саласының өкілдері бұл сомаға мектеп оқушыларын толыққанды түскі аспен тамақтандыру мүмкін емес деп кесіп айтты.

Елордалық кәсіпкерлер дәл осы 584 теңгеге мектеп жанындағы лагерьлерге баратындарды да тамақтандыруға мәжбүр екенін атап өтті. Бұл сомаға балаларға таңғы ас пен түскі ас беру немесе түскі асты ғана қалдыруды әркім өзі шешеді.

Басты мәселе – бүгінгі күні бір балаға Үкімет бөлетін қаражат – 584 теңге. Бұл Астана қаласы бойынша. Қаншама жылдан бері тариф өзгерген жоқ. Инфляция күн сайын өсіп жатыр. Салыстыру үшін Алматыны мысалға алатын болсақ, онда 700 теңге. Осыдан-ақ мәселенің бар екенін көруге болады. Бүгінде баланы 584 теңгеге сапалы, құнарлылығы жоғары тағамдармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазір біз жасап отырған менюдің бағасы 680 теңге болып отыр. Ет, басқа да құнарлы тағамдармен менюде толықтыратын болсақ, ол 700 теңгеден асып кетеді. Қазір кәсіпкерлер әлеуметтік қамсыздандыру ұйымы сияқты. Пайда табуды былай қойғанда, шығынға батып отыр. Әлеуметтік қамсыздандыру кезінде кәсіпкерлерге субсидия бөлінеді. Ал біз субсидия алмай, өз есебімізден қамтамасыз етіп отырмыз, - деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, бұлай кете берсе, тамақтану саласынан кәсіпкерлер кетіп, білім беру орындары аспаз жалдауына тура келеді. Мүмкін сол кезде ғана әр балаға 584 теңгеге тамақ алуға болатын шығар дейді ол.

Онсыз да білім беру ұйымдарын ыстық тамақпен қамтамасыз ету саласында кәсіпкерлер көп емес. Бар-жоғы 15 шақты кәсіпкер. Олар бұл салада 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Үйреніп қалған. Сондықтан да қимайды. Бұлай кете берсе, ахуал күрделі. Дәл биыл бәрі жұмысты тастап кетпегенімен, осылай жалғаса берсе, бәрі бұл саладан кетеді. Осы уақытқа дейін жинаған қоры таусылады. Қазір кәсіпкерлер жағдай жақсаратын шығар деп күтіп отыр, - деді ол.

Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев ата-аналарға тамақ сапасы жағынан, жеткізушілерге баға жағынан сәйкес келетін мәзір әзірлеуге уәде берді. Бірақ тариф сомасы нақты қандай болатыны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Басқарма басшысының сөзінше, тереңнен зерттеуді талап ететін мәселе. "Бірақ жағымды жаңалық болады", - деді ол.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен кәсіпкерлердің жанайқайын әкімдік естігенін, нақты жұмыс жүргізілетінін айтты.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы алаңында білім саласындағы проблемалар көтерілді. Орта білім беру, балабақша, колледждердің мәселелері қаралды. Білім беру ұйымдарындағы балаларды тамақтандыру мәселелері туындады. Әр балаға тамақтануға бөлінетін тарифтің төмендігі мәселесі бар. Сондай-ақ жалға алуға байланысты проблемаларды кәсіпкерлермен талқылап, тиісті жауаптарын бердік. Болашақта кәсіпкерлер палатасы алаңында осы проблеманы қалай шешетінімізді ойластыратын боламыз. Біз әкімдік қоғамдық институттармен, уәкілетті органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Инфляциялық жағдайларға байланысты қазір шынымен де тамақтың құнары мен сапасы жоғары болуы үшін тарифті көтеру керек екенін түсінеміз. Ата-аналардың тарапынан шағым түсіп жатыр. Біз осы бағытта жұмыс істеп, алдағы оқу жылының басына дейін мәселені шешетін боламыз, - деді ол.

"Ата-ана ретінде мектептегі ыстық тамақпен қамтуға көңіліңіз тола ма?" деген сауалымызға ол:

Өзімнің балам да мектепке барады. Балам әзірге мектептің тамақтарына көңілі толады. Ұлым 1-сыныпта оқиды. Оған тамақты үйде де әзер жегіземіз. Әзірге ол спорттық үйірмелерге бармайды. Физикалық күшті көп шығындайтын үйірмелерге барса, мүмкін құнарлы тамақтар жеу керек болатын шығар, - деп жауап берді ол.

Мектептегі ас мәзірінде баға қанша теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін сұрадық.

Республикалық деңгейдегі басқа қалаларды, яғни Алматы, Шымкентті қарап отырмыз. Ең жоғары тариф Алматы қаласында. Сол тарифтің көлеміне дейін көтеруді жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға