Жаңалықтар

Қарқаралы туралы аңыз

Қарқаралы мекенінің атауына байланысты әртүрлі нұсқалар бар. Соның бірі "Бабалар сөзінде" кездеседі. Талай ақын атын әнге қосқан мекен туралы сіз де біле жүріңіз.
20.10.2015 05:08 13093

Қарқаралы мекенінің атауына байланысты әртүрлі нұсқалар бар. Соның бірі "Бабалар сөзінде" кездеседі. Талай ақын атын әнге қосқан мекен туралы сіз де біле жүріңіз.

Қарқаралы туралы аңыз

Жоңғарлар шабуылы кезінде жаудың бір түмен сарбазы қазіргі қаланың батыс жағында қорған салып, бекінеді. Олардың мақсаты-өздерінің Ертіс бойындағы қолы әлсірей ме, соған қолғабысқа аттану болса керек. Бұл кезде казақ сарбаздары орталық, терістік жақтан жоңғарлар қолын әлсірете бастаған және Абылай қалмақтың ханы Қалдан Цереннің қолына түсіп, кейіннен достасып, соғыспау туралы келісімге келген. Осы кезді пайдаланып Шаншар абыздың екінші әйелі Нұрбикеден туған Тілеуке, Бертіс хан қол жинап, түстік Сыр бойынан келіп Қарқаралыға бекініп жатқан жоңғарларды жойып, елді осы жаққа орналастыруды қолға алып, бекіністі тазартудың қамына кіріскен. Жер жағдайын жетік білмегендіктен, жоңғарлар алдымыздан қауіп жоқ деп ойлаған. Жағдай ойлағаннан басқаша болып шықты. Бертіс қолы Қарқаралының батыс жағындағы Шоқпартас маңындағы орманға орналасып, жауды сезіктендірмей желке жағынан шабуыл жасау үшін тауға барлау жұмысын жүргізіп, Шоқпартастан Суық бұлаққа қарай асатын шұбырынды жол тапқан. Осының нәтижесінде жаудың желке жағынан шабуылдауға толық мүмкіндік туған. Күтпеген жерден қалың қолдың үрейі ұшып, берекесі кеткен жоңғар қолы қаша жөнелген. Жоңғар қолын көп шығынға ұшыратып, жаудың ізіне түсіп, түстікке қарай қуып жіберген. Сөйтіп, Қаракесек руын осы маңға, Балқантауға дейін орналастыруды жоспарлап, ол оңтүстікке елге қарай қайтып, елді көшіруді ұйымдастырған. Бұл кезде Қарқаралы деген атау жоқ. Бертіс бұл мекенді жоңғарлардан тазартқан соң, қазан айының соңына қарай көшпенді Қоңырат деген тайпа келеді. Бұл тайпа сан жағынан көп Арғынмен туыс ел. Жоңғарлар шабуыл жасауға мүмкін деген маңайдан қашқақтап жүретін болса керек. Қысқа аяқты мал деп сиыр, қой асырап бақпайды, өйткені ол елге жау бет алып келе жатқанда бұл екі түлік бөгет болады және жау қолында қалып қояды деген есебі көрінеді. Жаудан жалтарып кету үшін жылқы, түйе малын көптеп өсірген. Қоңыраттықтар «ұзынқұлақ» арқылы Арқаның шұрайлы жері жаудан тазартылды дегенді естіп, қыстап шығу үшін таудың күншығыс жағына көптеген киіз үй тігіп, өздерінен өрген рулар ауыл-ауыл болып отырған. Сол жылы қар өте қалың түскен, қар түсе тауда қаптап жүрген арқар, елік, бұғыларды көргенде көздері тұнған. Садақпен аң аулауға барайын десе, бара алмайды. Тау басы мен биік жондар қара болып жатқанымен, тау етегі өте қалың оспақ көбік қар болған. Тауға шықпақ болғанда аттары қарға көміліп, жаяу шығайын десе өздері де қарға көміліп, бойламаған.

Сол кезде көктем де өте кеш шыққан, жаз шыға ол кезде аң ауланбайды. Дала тағысы киелі болады, төлі жетім қалса, қырсыз болады деген ұғым қалыптасқан. Сөйтіп, бұл тауда басы қара, етегі қарлы-«Қарқаралы» деген атау пайда болған. Арғындар ішіндегі Қарақожа әулетінен тараған Қаракесек руы келе бастағанда алдымен «Қара-қарлы» тауына әлтөбет руы келіп қоныстанған. Бұлар келе бастаған соң, қоңыраттықтар Есіл бойына қарай Балталы-Бағаналы елімен сүйек шатыстығы болғандықтан көшіп кеткен.

ҚАРҚАРАЛЫ АТАУЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Көрші тұрған екі ауыл байлары өздерінің балаларын тумай жатып атастырып қояды. Бірде ауылдар арасында келіспеушіліктер туып, атастырылған қыз бен жігітті айырып алып кетеді. Қыз өте сұлу болады, ал жігіт нағыз батыр болып өседі. Арада жылдар өтіп екеуі кездеседі, екі ғашық бір-бірінсіз өмірдің қисыны болмайтынын түсініп, ауылдарынан қашып кетеді. Мұны сезген қыз әкесі қуғыншы жіберіп, жігіттің өліміне себепші болады. Сонда мұндай сұмдықты көрген қыз шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсайды. Сүйгенінің кеудесіне құлағанда, қыздың ауыр бас киімі қарқара жерге құлапты. Осыдан Қарқаралы атауы шыққан.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға