Жаңалықтар

Әр адам өзінің колынан келетін іспен айналысуы керек - Берік Жүнісбек

Әр адам өзінің колынан келетін іспен айналысуы керек - Берік Жүнісбек
Фото: Жеке мұрағаттан 03.07.2023 18:19 1619

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі суретші, дизайнер, компьютерлік графика режиссері, аниматор толықметражды көркем фильмдерінің қоюшы-суретшісі Берік Жүнісбекпен замануи компьютерлік графика мен қазақ анимация өнерінің көкейкесті мәселелері, шығармашылық пен өнерге деген көзқарасы туралы сұхбаттасқан болатын.

El.kz: Сіз көптеген үш өлшемді анимациялық және компьютерлік графикамен жасалған туындылардың авторысыз.  Осы  салаға деген қызығушылық неден  туындады?

Берік Жүнісбек: Әскерден келгенімде оқуға түсемін деп шешіп, 1982 жылы училищенің қабылдау комиссиясында, қазақ анимациясының атасы, мультипликатор Әмен Қайдаровты кездестіріп, анимация саласына бет бұрдым.

Кейін 90-шы жылдары ғаламтор, телеарналар мен фильмдерден үш өлшемді туындылар шығып, сол дүниелерді көптеп көре бастадым.  Сөйтіп, компьютерлік графикаға қызығушылығым пайда болды.

El.kz: Сіз отандық телеарналардың жарнамалық бейнелерін және үш өлшемді анимация мен бейнероликтерінің авторысыз. Сіздің компьютерлік графика әлеміне жолыңыз қалай басталды?

Берік Жүнісбек:  1993 жылы «ДАЛА ТВ» арнасы мені жұмысқа шақырып, сол жерде екі өлшемді Мюзикола тобына музыкалық бейнебаян жасадық. Осы арнада көптеген графикалық жұмыстарымды жасап, компьютерлік графика әлеміне жол тарттым. Қазір де осы бағытта көптеген жобаларымды іске асырып, осы күнге дейін жинаған тәжірибелеріммен бөлісіп, ойымда жүрген жобаларымды іске асырып жүрмін.

El.kz: Қазіргі замануи компьютерлік графикаға қандай баға берер едіңіз? Қазақ кинематографиясы компьютерлік графиканы қолдануға дайын емес сияқты. Сол жайында пікіріңіз? Онымен айналысатын мамандар бар ма?

Берік Жүнісбек: Мен сізбен келіспеймін. Қазақстанда компьютерлік графика кеңінен таралып, қолданыста жүр. Жарнама, кино, анимация болсын біздің көптеген мамандар тынбай еңбек етуде. Керек десеңіз, шетелде де жұмыс жасап жатыр. 

Жалпы, осындай сұрақтар пайда болуына себеп - жалпыға ортақ  базаның болмауында. Осыған билік өкілдері көңіл аударып, кино институты ашылу керек деп есептеймін. Өйткені, осы сала үлкен қаражатты талап етеді. Бізге жеткіліксіз.

Сондай-ақ, басты мәселелердің бірі - замануи техникалардың тапшылығы. Ал техникасы бар мекемелерде мамандар ұзақ тұрақтамайды. Өйткені, жалақының аздығынан басқа салағаларға кетіп жатыр. Жоғарыда айтып өткен мәселелерге көңіл бөлініп, шешімі табылуы керек. 

Тағы бір өкініштісі, елімізде тынбай еңбек етіп жүрген мамандардың жұмыстары еленбей жүргені де бар.

Шетелдегі графикаға келсек, біріншіден, олар академиялық білімі бар анимация мамандарын дүниежүзінен жинап, өздерінің базасына шақырады. Сол себепті олар «қозғалыс» пен «эмоцияларды» көрсетуге дағдыланып, үлкен дүниелер шығаруда. Академиялық білімі бар суретшілер де көп. Туындыларында  бояулар үйлесімділігін дұрыс әрі дәл қолданып, осы бағытта да жұмыстарының жемісін көріп отыр.

Жалпы, шетелдік әріптестер жобаларына кіріспес бұрын ізденіп, білім мен тәжібиенің арқасында көпшіліктің көңіліне қонатын дүниелер шығарып отыр.

El.kz: «Көкетайдың саябағы», «Қаңбақ шал», «Емен жаңғағы мен скрипка», «Қотыр торғай», «Сиқырлы айна» атты көптеген анимациялық фильмдерің шығуына ат салыстыңыз. Ол кезде туындыларды шығару қиын болды ма? 

Берік Жүнісбек: Кезінде Әмен Қайдаров: «Өнер прамида болса, ең үстінде аниматор тұрушы еді. Өйткені, аниматор өзі режиссер, мүсінші, актер, суретші, әрі композитор ғана емес, «Жоқтан бар жасап», дүниеге өнер тундысын әкеледі», - деп еді. Осы оймен толықтай келісемін.

Мысалы, кинодағы бір кадр 24 пленкамен жасалса, анимация саласында барлығын қолымызбен жасап, күніне мыңдаған суреттер салатынбыз.

Қазіргі таңда көп қолданылып жүрген компьютер жұмыс барысын жеңілдеткенмен, талаптар сол баяғы. Компьютер жұмысқа кететін уақытты азайтқанымен,  косымша талаптар да күшейді.    

Негізі, бізге еліктеуді койып, өз ерекшелігімізбен, Ұлттық құндылықтарымызбен өз белесімізге шығу қажет. Біз өскелең ұрпаққа «керек» дүниелер жасап,  тәрбие беретін Рухани құндылықтарымызбен ғана ұтамыз. Алды-артын ойлап жүретін халықпыз ғой. «Бір күнмен өмір сүр!» - деген ұғым біздің менталитетке келмейді деген ойдамын.

El.kz: Бір сұхбатыңызда «Жалпы анимацияны осы күнге дейін ешкім жөнді бағалаған жоқ. Біздің өзімізде анимацияға бөлек көзқарас болмай, анимация көркемдеп өспейді» деп айтыпсыз. Сонда анимация өнеріне кім баға беру қажет және қанай көзқарас керек?

Берік Жүнісбек: Бәріне өзіміз кінәліміз деп есептеймін. Еліктеудің  жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Сырттан келген технологияларды қолданып, бабалардан калған терең ой мен мағынасы тереңде жатқан ертегілер мен аңыздарды өскелең ұрпаққа сай дүниелер жасаумыз шарт. Осының барлығын анимация арқылы  дүйім жұртқа, әсіресе балаларға жылдам әрі түсінікті етіп жеткізетін біз.

Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша біздің мамандыққа деген сұраныс көбеюде. Идиологтар анимация өнерінің тәрбиеге үлкен әсер беретінін түсініп, қомақты қаражат бөліп отыр. Бұл да ойландыратын жәйт.

El.kz: Қазақ анимация өнері әлі де өзінің бет-бейнесін іздеуде: ұрпақтар сабақтастығындағы алшақтыққа байланысты жаңа идеялар жетіспейді деп жатады. Соған орай, отандық анимация индустриясының көкейкесті мәселелері, ұрпақтар сабақтастығы мен жаңа технологиялардың қолданылуы туралы ойыңызбен бөліссеңіз.

Берік Жүнісбек: Елімізде 1991-жылға дейін жасалған 143 туындыны зерттеп келсек, сол кездегі кеңес идиологиясы өршіп тұрған  кезеңнің өзінде де ұлттық көзқарас пен ерекшіліктерді  көрсете білуі - Әмен ағаның тағы бір касиеті деп ойлаймын. Жалпы, көбісі біле бермейтіні, біздің елімізге келіп білімдерін толықтырып кеткен тек қана көршілес түркітектес ұлттар ғана емес, буряттар мен алтайлыктар да біраз білім алған. Осындай басқа елдермен тәжірибе алмасып, біліктілкіті арттыруға болады. Ондай мамандар да баршылық.

El.kz: 1994, 2014 және 2016 жылдары жеке көрмелеріңіз өтті. Онда мүсін, графика мен фотосуреттеріңіз қойылды. Осы бағыттардың қайсысы сізге жақын?

Берік Жүнісбек: Әрбір өнер түрі бір-бірімен байланысты деп ойлаймын. Мысалы, Еркін Мергенов жұмыстарымды көріп, «ерекше мүсін екен» деп ілтипатын білдіріп жатты. Сол сияқты, Нью-Йорктен мүсіндерімді ұнатып, алдыртып жатқан адамдар да баршылық. Жалпы, жасап жүрген жұмыстарымның арасынан анимация мен кино өнері жақын шығар.

El.kz: Сұхбатыңызды қорытындылай келе, жалпы отандық өнер туралы сөз қозағасақ. Қазақ өнері «дұрыс» бағытты ұстанады ма? Бізге не қажет? Сіздің көңіліңіз тола ма?

Берік Жүнісбек: Әр адам өзінің колынан келетін іс жасау керек деген ойдамын. Еліміздің өнері керемет болғанымен, бір өкініштісі,  сырттан баға күтетініміз. Сырттан келген сын еш уақытта дұрыс болмас. Өйткені, өзіміздің мыңдаған ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрімізді қайдан білсін. Біздің өнеріміз өзіміден басқа кімге керек! Бір шаңырақтың астында өмір сүргендіктен бір-бірімізді бағалай білуіміз қажет. Алдыңғы толқынның атқарып кеткен жұмыстарын өте жоғары бағалаймын. Бізден кейінгі толқынның қарқынына қарап, анимация өнерінің болашағы зор деп сенемін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға