Ақылы еңбек демалысы ең ұзақ елдер анықталды: Қазақстан қай орында?
Тәуелсіз World Population Review ұйымының дерегіне сәйкес, Қазақстан ақылы демалыс күндерінің саны бойынша әлемдік рейтингтің алғашқы 15 елінің қатарына енді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу аясында барлығы 186 мемлекет бағаланған, ал Қазақстан 15-орынға тұрақтаған.
Еңбек демалысы – қызметкерлердің тынығып, күш жинауына мүмкіндік беретін негізгі әлеуметтік құқықтардың бірі. Көптеген елде бұл құқық еңбек қатынастарының ажырамас бөлігі саналады және заңнамамен қорғалады.
Рейтинг қалай жасалды?
World Population Review – демографияға басымдық бере отырып, экономика, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жаһандық статистиканы жинап, талдайтын тәуелсіз ұйым. Ақылы демалыс күндері бойынша рейтингті әзірлеу кезінде сарапшылар үш басты критерийді негізге алған:
- жыл сайынғы ақылы демалыстың орташа ұзақтығы;
- заңмен бекітілген міндетті ең төменгі демалыс күндерінің саны;
- мемлекеттік мерекелерге байланысты міндетті түрде төленетін демалыс күндері.
ТМД елдері арасындағы жағдай
ТМД кеңістігінде бұл көрсеткіш бойынша көш басында Ресей тұр. Онда заңға сәйкес жұмыс берушілер қызметкерлеріне жыл сайын кемінде 28 күн толық ақылы демалыс беруге міндетті. Орташа есеппен алғанда, ақылы демалыс саны 42 күнге жетеді, одан қалды ресми мереке күндері де толық төленеді.
Қазақстан ТМД елдері ішінде екінші орынға жайғасқан. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жыл сайынғы міндетті ақылы демалыстың ең төменгі шегі – 24 күн. Ел бойынша орташа көрсеткіш 40 күнді құрайды, ал кей жағдайда 56 күнге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар ресми мереке күндері де заң жүзінде төленеді.
Бұл тізімде Қазақстан мен Ресейден кейін Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан орналасқан. Ал Тәжікстан рейтингке енгізілмеген.
Әлемдік көшбасшылар
Жалпы, әлемде ең көп ақылы демалыс күні Иранда тіркелген: орташа демалыс ұзақтығы – 53 күн, заңмен бекітілген ең төменгі шек – 26 күн, ал ақылы мереке күндері – 27 күн.
Екінші орында – Кирибати (орташа 46 күн, ең төменгі шек 30 күн, мерекелік 16 күн), үшінші орында – Буркина-Фасо (тиісінше 45, 30 және 15 күн).
Алғашқы ондыққа сондай-ақ Камбоджа, Андорра, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Ресей және Франция кіреді.
Салыстырмалы түрде алғанда, Германия бұл рейтингте 78-орында, Ұлыбритания – 89-орында, Түркия – 107-орында, ал Қытай 122-сатыда тұр. Қытайда ақылы демалыстың орташа ұзақтығы 23 күн болса, заңмен бекітілген ең төменгі шек – 10 күн, мерекелік ақылы күндер саны – 13.
Айта кетерлігі, АҚШ бұл рейтингке енгізілмеген. Себебі елде жұмыс берушілерді ақылы демалыс беруге міндеттейтін федералды заң жоқ. Сондықтан көптеген қызметкер демалысын өз есебінен рәсімдейді.
Рейтингтің соңғы орындарында Нигерия, Малави және Сент-Китс пен Невис мемлекеттері орналасқан.

