Жаңалықтар

Ақтөбелік алаяқ пәтер жалдамақ болған студенттерді алдаған

Ақтөбелік алаяқ пәтер жалдамақ болған студенттерді алдаған
Фото: © Polisia.kz 05.09.2023 14:12 953

Ақтөбелік алаяқ пәтер жалдамақ болған студенттерді алдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

4 қыркүйек күні қалалық полиция бөліміне Ақтөбенің жоғары оқу орындарының бірінің студенті арызданды. Оның айтуынша, хабарландыру арқылы бейтаныс әйелмен хабарласып, пәтер жалдауға келіскен. Ол 100 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаған, бірақ ақшаны алғаннан кейін пәтерді жалға беруші байланысқа шықпаған.

Осыған ұқсас арыздармен қала полициясына тағы бірнеше адам жүгінді. Пәтерді жалға беремін деген сылтаумен әйел сайттарға хабарландырулар орналастырып, өзінің абоненттік нөмірлерін көрсеткен. Содан кейін өтініш берушілерді алдау және олардың сенімін асыра пайдалану арқылы олардың ақшасын заңсыз иемденген.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол Ақтөбенің 34 жастағы тұрғыны болып шықты.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға