Жаңалықтар

Ақтөбедегі су айдындарында 33 бейнебақылау камерасы орнатылады

Ақтөбедегі су айдындарында 33 бейнебақылау камерасы орнатылады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 19.06.2024 03:33 558

Ақтөбеде шомылу маусымында судағы қауіпсіздік бейнебақылау камералары арқылы бақыланады, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Адамдарды келеңсіз, қайғылы жағдайлардан қорғау үшін мұндай шаралар қажет-ақ. Қазіргі уақытта бейнекамералар өзендерге жақын 9 жерге орнатылды. Барлығы 33 дана болмақ. ТЖ департаменті камералардың көп бөлігі суға шомылуға тыйым салынған орындарға қойылатынын нақтылады. Өйткені, адамдар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, жиі бату деректері орын алып жатыр. Жыл басынан бері өңірде 5 адам өзен суына батып кеткен.

Шомылу маусымында судағы қауіпсіздік мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиын барысында қаралды. Өңір басшысы бақылау шараларын күшейтуді және су айдындарында тұрақты рейдтер жүргізуді тапсырды.

Біз судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін, әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шараларды қолға алуымыз керек. Су айдындары маңын, жағалауды патрульдеу қажет.  Шомылу маусымы кезінде балаларды рұқсат етілген жағажайларда жүзуге үйреткен жөн. Балаларға арналған қауіпсіз деп танылған жағажайларды жабдықтап, сол орындарда құтқарушылар кәмелетке толмағандарға жүзуге үйретуі тиіс, - деді әкім.

Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, 1 маусымнан бастап облыста 59 жағажай жұмыс істейді: 22-сі – қалада және 37-сі – ауданда. Оның 24-і – коммерциялық және 35-і – коммуналдық жағажайлар. Адамдарды құтқаруға арналған оқыту курстарынан 75 құтқарушы өтті. Шомылу маусымында қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін полиция, волонтер, құтқарушы және т.б мамандардан құралған барлығы 403 адамды тарту жоспарлануда.

ТЖ департаменті шомылуға тыйым салынған облыс көлеміндегі 206 орынды анықтады. Ақтөбеде шомылуға қауіпті деген 18 орын бар, қалғандары – аудандарда. Онда 296 тыйым салу белгілері орнатылды. Мұндағы мәселе – тұрғындардың өздері сол белгілерді бұзып, лақтырып тастайды. Бұл жағдай тыйым салынған жер екенін білмейтін адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан апта сайын орнатылған белгілерді түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет, - деп атап өтті Нұрғали Жүнісов.

Су айдындары, лагерьлер, жағажайлар және аквапарктерде адам өлімінің алдын алу үшін құтқарушылар судағы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, барлық ұялы телефон нөмірлеріне суда жүріс-тұрыс қағидалары туралы SMS-хабарламалары ескерту ретінде жіберіледі. Жағажайлар мен шомылуға тыйым салынған жерлерді құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер үнемі күзетеді. Рейд нәтижелері бойынша 15 құқық бұзған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, рейдтер кезінде полиция бөлімшелеріне 53 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Олардың ата-аналарымен профилактикалық шаралар өткізілді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді және оларға шомылуға тыйым салынған орындар туралы ақпаратты жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ құтқарушылар санын арттыру қажет.

Ақтөбедегі су айдындарында 33 бейнебақылау камерасы орнатылады

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға