Жаңалықтар

Ақтөбедегі бір отбасынан 5 адам қаза тапқан жол апатына қатысты тың дерек шықты

Ақтөбедегі бір отбасынан 5 адам қаза тапқан жол апатына қатысты тың дерек шықты
Фото: Polisia.kz 27.08.2024 09:23 5665

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылы маңында болған жол апатына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Самара-Шымкент тас жолы бойында Merсedes жүк көлігі мен Volkswagen Polo көлігінің соқтығысқан еді. Ресми мәліметке сүйенсек, жеңіл көліктегі төрт жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Төрт жасар бала аудандық ауруханада қайтыс болған.

Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Жол-көлік оқиғасы Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар тас жолының 648-шақырымында тіркелді. Салдарынан оқиға орнында төрт адам қаза болды. Ер адам мен кәмелеттік жасқа толмаған бала медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалды,- деді Қобда ауданы ПБ бастығының орынбасары Аслан Шотанов.

Ал Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі аудандық ауруханаға жеткізілген баланың өмірін аман алып қалу мүмкін болмағанын хабарлады.

Полижарақат алған 4 жасар бала қаза болды. 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Ал аудандық ауруханаға жеткізілген жүргізушінің жағдайы тұрақталды. Есін жиды, жағдайы ауыр. Жол-көлік оқиғасы кезінде 50 жастағы әйел адам, 35-40 жас шамасындағы ер адам, 14 және 12 жас шамасындағы екі жасөспірім жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды. Бәрі бір отбасының адамдары, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға