Жаңалықтар

Ақтөбедеді түзеу мекемесі жанындағы мектепте соңғы қоңырау соғылды

Ақтөбедеді түзеу мекемесі жанындағы мектепте соңғы қоңырау соғылды
Фото: © Polisia.kz 01.06.2023 20:45 703

Биыл Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты №8 түзеу мекемесі жанындағы кешкі мектепті 46 сотталған оқушы аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпы №8 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің жанындағы кешкі (ауысымдағы) жалпы білім беретін мектептің биылғы оқу жылын барлығы 46 сотталған оқушы аяқтады. Оның ішінде 25 сотталған оқушы 11-сыныпты тәмамдаса, 21 сотталған 10-сыныпты аяқтады. 

“Сыңғырла, соңғы қоңырау!” атты мерекелік іс-шараны салтанатты түрде ашқан кешкі мектептің директоры Шәмшат Жұбай мектепті бітіруші түлектерді бүгінгі атаулы күнмен құттықтап, аттестатқа қол жеткізу үшін алдағы сынақтарды сәтті тапсыруларына тілек білдірді. 

Бұдан әрі құттықтау сөзін алған №8 мекемесінің САӘПТЖ бөлімінің бастығы Сәндібек Дюзембаев сотталғандарға жазасын өтеп шыққаннан кейін кешкі мектептен алған білімдерімен шектеліп қалмай, мамандық иесі атанып, еңбек ете алатындықтарына бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар кешкі мектеп директоры және жасақтармен белсенді жұмыс атқарған ұстазды мекеме басшылығының атынан алғыс хатпен марапаттады. 

Заң бойынша түзеу мекемелерінде жасы 30-ға дейінгі сотталғандар орта білім алуға міндеттеліп, оларға сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, 30-дан асқан сотталғандар арасында аттестаты жоқтары кездессе, олар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады. Биылғы жылы кешкі жалпы білім беретін мектепті бітіргендердің арасында жасы 49-дан асқан сотталғандар да бар және олар әртүрлі өмірлік жағдайларына байланысты бостандықта орта мектепті аяқтай алмағандар. Қамауда отырса да мемлекет тарапынан берілетін осындай керемет мүмкіндікті пайдаланған жазасын өтеушілер бостандыққа шыққаннан кейін кешкі мектепте алған білімдерін әрі қарай жалғастырады деп сенеміз, – дейді Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова. 

Іс-шара соңында оқу үлгерімі жақсы болған және мәдени-тәрбиелік шараларға белсенді қатысқан сотталған оқушылар кешкі мектеп әкімшілігі атынан мадақтамалармен марапатталды. Ал іс-шара аяқталған соң, түзеу мекемесі жанындағы кешкі мектеп оқушылары өздері дайындаған концерттік бағдарламасын қойып, сабақ берген ұстаздарына ризашылықтарын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға