Ақтөбе облысының баспасөз орталығынан

Ақтөбеде жұмысшы мамандықтардың үздіктері анықталады

Бүгін Ақтөбе облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі – WorldSkills Aktobe – 2025 аймақтық чемпионаты басталды. Чемпионат 3 күнге созылып, 21 жасқа дейінгі 300-ге жуық жас маман мен колледж студенттері өзара сайысқа түседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Халықаралық деңгейде танылған WorldSkills қозғалысы Қазақстанда кең қолдауға ие. Биылғы чемпионат ерекше маңызға ие – елімізде 2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланған болатын. Бұл бастама жастардың техникалық салаға қызығушылығын арттыруға және еңбек нарығы үшін сұранысқа ие кадрларды даярлауға бағытталған.

WorldSkills Aktobe – 2025 чемпионатының негізгі мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту. Бұл чемпионат жас мамандарға кәсіби деңгейде өзін көрсетуге мүмкіндік береді, ал жұмыс берушілер үшін болашақ қызметкерлерін бағалауға таптырмас алаң.

Чемпионат 46 құзыреттілік бойынша өтеді. Олардың қатарында:

  • Веб-дизайн
  • Электрожөндеу
  • Аспаздық ісі
  • Шаштараздық өнер
  • Дәнекерлеу технологиясы
  • Киімді модельдеу және дизайн
  • Мехатроника
  • Тас қалау және тағы басқалар бар. Қатысушылар – Ақтөбе облысындағы колледждердің бітіруші топ студенттері және өндірісте тәжірибеден өтіп жүрген жас мамандар. Барлығы – 300-ге жуық жас кәсіпқой.