Ақтөбеде жол апаты болып, салдарынан мотоцикл жүргізушісі қаза тапты
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан мотоцикл жүргізушісі қаза болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жол-көлік оқиғасы 18 қазанда сағат шамамен 19:10-да Ырғыз ауданының Құмтоғай ауылының маңында болды. 30 жастағы мотоцикл жүргізушісі далалық жолдан басты жол Самара – Шымкент автожолына шыққан кезде Өзбекстан азаматының басқаруындағы DAF жүк автокөлігімен соқтығысқан.
Жүк көлігінің 33 жастағы жүргізушісі автожолда Әйтеке би ауданы жағынан Қызылорда облысына қарай жүріп келе жатқан. Жол апаты салдарынан мотоцикл тізгіндеген Құмтоғай ауылының тұрғыны алған жарақаттарынан оқиға орнында ажал құшты.
Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігінің болмағаны анықталды. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.