Жаңалықтар

Ақтөбеде ұрлық жасаған бикештер анықталды

Ақтөбеде ұрлық жасаған бикештер анықталды
Фото: polisia.kz 25.09.2023 14:03 789

Ақтөбеде бойжеткендер екі жігіттің телефонын жымқырып кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

19 қыркүйекте полицияның “102” телефонына екі жігіт ұрлық дерегі туралы арызданды. Арызданушылардың айтуынша, олар қаладағы дәмханалардың біріне тамақтануға барған. Дәмханада олардың үстелдеріне екі бойжеткен келіп отырған. Бойжеткендердің біреуі жігіттердің бірінің бұрынғы танысы болып шыққан.

Телефондарын үстел үстінде қалдырып, сыртқа шыққан екі жігіт біраз уақыттан кейін келгенде телефондарын да, бойжеткендерді да таппай қалған. Жәбірленушілер өздеріне келтірілген шығын көлемін 83 мың теңгеге және 180 мың теңгеге бағалады.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы күдіктілерді анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер кінәсін мойындады. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға