Жаңалықтар

Ақтөбеде университет басшысының әйелі талапкерлерден ақша алған

Ақтөбеде университет басшысының әйелі талапкерлерден ақша алған
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 01.09.2024 04:26 6916

Ақтөбеде университ басшысының әйелі талапкерлерден оқуға түсу үшін ақша алған. Оқуға түспек болғандардың оған 100 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін бергені белгілі болды, деп хабарлайды Диапазонға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтөбе қаласында халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің өкілдігі бар. Бұл оқу орнының жетекші маманы алаяқтықпен ұсталды. Анықталғандай, Гүлмира Т. студент боламын деушілерден оқу ақысын алып, ал ақшаны өз қалауынша жұмсаған. 47 жастағы айыпталушының қылмыстық ісінде 25 эпизод бар.

Басылымның жазуынша, сотталушы талапкерлерге өзін оқу орнының әдіскері ретінде таныстырып, оқу ақысын өзінің жеке банк шотына аударуға немесе қолма-қол беруге болатынын айтқан. Жәбірленушілердің бірі оған 1,5 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Бірақ кейін ол өзін университет студенттерінің тізімде жоқ екенін білген. Өзге де алданып қалғандар дәл осындай схемамен оған 100 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін ақша аударған. Талапкерлердің кейбірі бірнеше жылдық оқу ақысын төлеп жатырмыз деп ойлаған, алайда соңында ол ақшаның университет шотына жетпегенін бір-ақ білген.  

Сот отырысында алаяқтық жасады деп айып тағылған әйел өз кінәсін мойындамады. Ол өз сөзінде университеттің Ақтөбедегі филиалын күйеуі басқаратынын, оның барлық аударымдардан хабардар болғанын, ал зардап шеккендерден түскен ақша отбасының қажеттілігіне жұмсалғанын айтқан. Бұл қаржыны күйеуі мен оның ата-анасы өздігінше жаратқанын алға тартқан.

Айыпталушы соттан кішкентай балалары бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Сотта айыпталушының күйеуінен де жауап алынды. Алайда ол әйелінің студенттерден ақша алғанынан бейхабар екенін және оның қарызы туралы университеттің бас кеңсесінен қоңырау шалғаннан кейін білгенін атап өткен. 

Сот сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған ақшаны жәбірленушілерге қайтаруды міндеттеді және 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып, сотталушының бас бостандығынан айыру жазасы пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сот ұйғарымында іс апелляциялық тәртіпте қаралған кезде сотталушының өкініп, барлық жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуіне байланысты жаза жеңілдетілгені атап өтілген.

Сот қаулысы заңды күшіне енді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға