Жаңалықтар

Ақтөбеде ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, спортсүйер қауым қатысты
Ақтөбеде ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті
Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі 23.10.2022 21:01 3113

Бүгін Ақтөбеде облыс орталығындағы ипподромда ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті. Жарыс Республика күніне арналған іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы El.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, спортсүйер қауым қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде барша Ақтөбе тұрғындары мен қала қонақтарын Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, облыстағы ұлттық спорт ойындарының дамуы туралы сөз қозғады.

 «Облысымызда көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. Солардың бірі – алғашқы кезеңдерден облысымыздағы көкпар ойындарының дамуына үлес қосып, қазір бапкерлік қызметте жүрген тақымы тастай көкпаршы жігіттеріміз Әлиев Мейрамбек пен Додай Нұрланды біз әркез мақтаныш етеміз. Аударыспақтан 2018 жылы Сағымбаев Арман Азия чемпионы атанса, 2022 жылы Ержанов Шыңғысхан әлем чемпионы болды, Серғазин Азамат қола жүлдеге табан тіреді. Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың мақтанышы әрі қазынасы қазақы тазы және төбет ит тұқымдарын сақтау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді тапсырды. Қазіргі таңда ақтөбелік әуесқой тазы бегілерінің шоғыры қалыптасып отыр. Әрі қарай, Ақтөбе облысында тазы асырау және оны баптау жұмыстарын жүйелеп, жолға қоятын боламыз», - деді облыс әкімі.

 Спорт шарасы барысында Ералы Тоғжанов көкпар, аударыспақ, тазылар жарысында жүлделі орындарға ие болған спортшыларды марапаттады. Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

«Құмай тазылар» жарысы мен «Аударыспақ» спорттық сайысының жеңімпаздарына берілген жүлде қоры бірдей, әрқайсысы – 500 мың теңге. Ал, «Көкпар» ойынында жүлде қоры – 3 млн теңге. Бұл жарыста бас бәйге мен бірінші орынды ақтөбелік командалар өзара бөліссе, үшінші орын Байғанин ауданының шабандоздарына бұйырды.

 Сондай-ақ, облыс әкімі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «Ұлы Дала жорығы» ат спорты марафонына қатысқан Ақтөбе облысының спортшыларын құттықтап, марапаттады. Айта кету керек, бұл жобада спортшылар марафонға қатысып, ұлы дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері сияқты көне мәдениеттердің тарихи орындарына баруға мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға