Жаңалықтар

Ақтөбеде ұландықтар жоғалған қызды ата-анасымен қауыштырды

Ақтөбеде ұландықтар жоғалған қызды ата-анасымен қауыштырды
Фото: ҚР Ұлттық ұлан 14.05.2023 08:13 1649

Ақтөбеде кешкі уақытта 4 жастағы қыз баланың жоғалғаны туралы ақпарат келіп түсті. Жоғалған қызды Ұландықтар іздестіріп, тауып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Күн сайын ҚР Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлері Ішкі істер органдарымен бірлесіп, еліміздің барлық қаласында қоғамдық тәртіппен ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Олар жауынгерлік қызмет кезеңінде тонау, ұрлау және қарақшылық фактілерін ашады, іздеуде жүрген адамдарды ұстайды. Сондай-ақ жоғалған телефондарды, ақшаларды табады және қалада адасып, жоғалып кеткен балаларды тауып ата-анасымен қайта қауышуына көмектеседі. Дәл осындай жағдай Ақтөбе шаһарының көшелерінің бірінде орын алды.

Оқиға биылғы жылдың 11 мамырында кешкі сағат 21.50 шамасында орын алған. Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің сарбаздары қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген уақытта әскери жасаққа радиостанция арқылы Абай көшесінде жоғалып кеткен 4 жастағы қыз бала туралы ақпарат келіп түседі. Ақпаратты естіген Ұландықтар жоғалған баланы іздестіруге жылдам кіріседі. Арада 30 минут өткеннен кейін жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде әскери жасақ көше бойында жалғыз жүрген 3-4 жас шамасындағы қыз баланы байқайды. Ұландықтар дереу қасына жетіп, сұрау жұмыстарын жүргізген кезде баланың адасып кеткенін анықтайды, - делінген хабарламада.

Баланы жақын жерде орналасқан полицияның тіркеу пунктіне алып барып, ұландықтар қуанышты хабарды баланың ата-анасына хабарлайды.

Өзінің бүлдіршінін көріп қатты қуанған кішкентай қыз-баланың анасы өз кезегінде сарбаздардың қырағы қызметтеріне алғысы шексіз екендігін жеткізіп, Отан қорғау істеріне табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға