Ақтөбеде кепілден босатылған екі адам қайтыс болды
Ақтөбеде кепілге алынған екі адам көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
67 жастағы әйел адам ауруханаға тасымалдау кезінде, 75 жастағы ер адам операция үстелінде қайтыс болды. Үшінші жәбірленушінің жағдайы ауыр. Полицияның хабарлауынша, күдікті бұрын таныс болған әйелді кепілге алған.
Оқиға орнын тексеру кезінде жертөледен пышақ жарақаты бар әйелдің ата-анасы табылды. Өкінішке қарай, зардап шегушінің бірін алып бара жатқан кезде көз жұмды. Екіншісі ауруханада қайтыс болды. Үшінші зардап шегушіге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды, - деді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.
Айта кетейік, кеше кешкі сағат 20:00-де «102» пультіне белгісіз біреу жеке үйлердің біріне кіріп, адамдарды кепілге алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылды, аудан қоршауға алынды. Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталды.
Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.