Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбеде генерал рухына тағзым етілді

Ақтөбеде Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шаралар генерал-лейтенант Жансен Кереевтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, сондай-ақ әскери сала өкілдері мен ардагерлер, ақсақалдар кеңесінің және бірқатар қоғамдық бірлестік мүшелері, генералдың туыстары мен жастар қатысты.

Ақтөбе қаласындағы Жансен Кереев ескерткіші алаңына жиналғандарға кеңестік заманда әскери салада жоғары шенге дейін көтерілген белгілі жерлесіміздің өмір жолы баяндалды.

Темір ауданының Қайыңды ауылы Бабатай жерінде дүниеге келген Жансен Кереев есімі бүгінде ел жадында сақтаулы. Қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты атанған ол өз өмірін әскери қызметке арнап, талай белестерді бағындырды. Оның есімін ұлықтау мақсатында туған жерінде ескерткіш орнатылып, жастарға идеологиялық-патриоттық тәрбие беру жобасы іске асырылады.

Жансен Кереев мектепті бітірген соң әскери училищеге түсіп, білімін Фрунзе атындағы әскери академияда жалғастырды. Бұл оқу орнын алтын медальмен тәмамдап, өзінің білімі мен табандылығын дәлелдеді. Әскери қызметін Отан алдындағы борышын адал атқарудан бастаған ол Чита қаласы маңындағы Песчанка елді мекенінде взвод командирі болып еңбек жолын бастады. 1956 жылы Германиядағы Кеңес әскерлерінің құрамында танк бөлімінің мотоатқыштар ротасына взвод командирі болып тағайындалды.

Іс-шарада аймақ басшысының орынбасары жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты Жансен Кереевтің өмір жолы елге, жас буынға нағыз патриоттық тәрбиенің үлгісі екенін ерекше атап өтті.

Бар-жоғы елу екі жыл ғана өмір сүріп, оның отыз үш жылын елден жырақта өткізген генерал жүрегінен ешуақытта қазақтың рухын шығармаған. Естеліктерден оқып, тыңдағанымызда, Жансен ағамыздың қолынан қазақтың қара домбырасы түспеген. Әскери гарнизондарда борышын өтеп жүрген жас сарбаздарды айналасына жинап, туған елге деген сағынышын әсем әнмен жеткізіп, олардың рухын көтеріп, үнемі қолдау көрсетіп отырған. Жансен Кереевтің өмірі мен әскери қызмет жолы — жастарға үлгі боларлық өнеге, шабыт берерлік аңыз. Елінен жырақта жүрсе де, жүрегінде қазақ рухын алау еткен тұлғаның есімі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталады,- деді ол.