Жаңалықтар

Ақтөбеде банк өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шараларын түсіндіруге атсалысады

Ақтөбеде банк өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шараларын түсіндіруге атсалысады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 19.04.2024 08:33 506

Ақтөбедегі банктердің өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шараларын түсіндіруге атсалысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық мәслихат төрайымы Гүлқасима Сүйінтаева мен кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов екінші деңгейлі банктер және микрокредиттік ұйымдардың басшыларымен кездесуі барысында осындай келісімге келді. Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өңірдегі барлық уақытша орналасу орындарында өтеді.

Екінші деңгейлі банктер су тасқынынан зардап шеккендерге 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін береді. Өтініш иелерінің тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.

Сонымен қатар, банктер басқа да қолдау шараларын ұсынады. Мәселен, 1 сәуірден 30 маусымға дейін қаржылай жағдайы су тасқыны салдарынан нашарлаған жеке тұлғаларға төлемдерді кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл есептелмейді, сондай-ақ су тасқынынан туындаған олардың қызметінің бұзылуына байланысты жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Зардап шеккендерге уақытылы және жедел қолдау шараларын көрсету бойынша мониторинг жүргізу мақсатында облыстық қоғамдық штаб құрылды. Штаб құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, «Аманат» партиясы, кәсіпкерлер палатасы және басқа мекемелердің өкілдері кірді. Осыған байланысты банкке тиісті өтініштер беру, растайтын құжаттарды ұсыну сияқты қажеттілікті қоса алғанда, кейінге қалдырудың нақты механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін банк қызметкерлерін бөліп беру және штаб мүшелерімен бірлесіп түсіндіру жүргізу бойынша өтінішіміз бар, - деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Ол бизнес-қауымдастыққа немқұрайлылық танытпай, зардап шеккендерге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға