Жаңалықтар

Ақтөбеде апатқа ұшыраған тікұшақ былтыр күрделі жөндеуден өткен

Ақтөбеде апатқа ұшыраған тікұшақ былтыр күрделі жөндеуден өткен
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі 09.11.2024 16:06 484

Ақтөбеде тікұшақ апаты болған жерге Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Авиациялық апаттың алдын ала себебі техникалық ақаулық деп қарастырылуда. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін жасалатын болады.

Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Ми-8 тікұшақтары еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Әуе қорғанысы күштерінің қолданысында. Техниканың бұл түрі 50-ден астам елде қолданылады және өзінің көп функционалдығы мен сенімділігінің арқасында әлемдегі ең көп сұранысқа ие тікұшақтардың бірі.  Апатқа ұшыраған бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматы қаласының "405 авиациялық-жөндеу зауыты" базасында жасалған. Барлық регламенттік жұмыстар, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалған.

Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар және күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған. Зардап шеккен экипаж мүшелері қажетті медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауында. Қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі,-делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Айта кетсек, бүгін Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыарқа ауылының маңында тікұшақ апатты жағдайда қонды. МИ - 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға