Жаңалықтар

Ақтөбеде алғаш рет жаңа оңалту орталығыпайдалануға берілді

Ақтөбеде алғаш рет жаңа оңалту орталығыпайдалануға берілді
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі 23.10.2024 04:29 299

Аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған орталық күндіз қызмет етеді. Ол Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан. Орталық  жыл сайын 125 ерекше баланы ақысыз қабылдайды. Нысан заман талабына сай озық құрал-жабдықтармен қамтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оңалту мекемесін Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен бірлесе іске қосты. 

Міне, ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында, менталды бұзушылықтары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік мекеме ашып отырмыз. Облыста 18 жасқа дейінгі менталды бұзушылықтары бар 635 мүгедек  бала есепте тұр. Бүгін ашылатын орталықтың мамандары балалар мен олардың отбасыларына нәтижелі көмек алуға жағдайлар жасайды. Жыл сайын 50-ден 100 балаға дейін кешенді қызметтер көрсетіледі, — өңір басшысы Асхат Шахаров.

Әкімдіктегілер «Қамқорлық» жаңа орталығы аутизммен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бір жерде шоғырланған мамандар арқылы әдістемелік кешенді көмек алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Орталық 1,5-тен 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Білім беру сабақтары мен оңалту ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың маңызды дағдыларын ұсынады. Мұнда оларға төсек жинау, қонақтарға дастархан жаю, киім үтіктеу, ыдыс жуу, сонымен қатар тамақ әзірлеу секілді тұрмыстық дағдылар негіздері үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты дамуы және тәуелсіз болуына көмектеседі.

Болашақта жасөспірімдер өздерін қамтамасыз ету үшін ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханаларында сабақтар қарастырылған. Сондай-ақ, орталықта визуалды байланыс орнатуда қиындықтары бар балалар үшін робототерапия қолданылады, онда балалар роботтармен өзара қарым-қатынас жасауды үйренеді. Сонымен қатар, леготерапия, робототехника, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне, қоғамға енуіне және толыққанды өмір сүруіне септігін тигізеді.

Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін бұл орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету», — деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Айтып өтейік, бұл орталықтан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен оңалту және ерте араласу орталықтары жұмыс істеп, әрқайсысы жылына 600 баланы қамтуда. Бүгінде 1994 бала қабылданып, 153-і тәй-тәй басып, алғашқы қадамын басса, ал 331-і алғашқы сөзін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға