Ақтөбеде 58 отбасы жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алды
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында 58 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Екі қабатты 8 пәтерлік 3 жалдамалы коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталып, 24 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл игі іс - мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламалардың нақты жүзеге асып жатқанын дәлелі. Бұл тұрғын үйлер Мемлекет басшысының баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бой көтеріп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді.
Құрылыс жұмыстарын «Қолғанат Құрылыс» ЖШС жүргізді, ал жобаға бөлінген 291 млн теңге жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және мемлекеттік қолдаудың арқасында 34 пәтер сатып алуға Ұлттық қордан 508 млн теңгеден астам қаржы, ал облыстық бюджеттен 101 млн теңге бөлініп, жалпы 609 млн теңге қаржы жұмсалды.
Бұл бастама – аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алған 58 отбасы үшін бұл ерекше қуанышқа толы сәт болды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады,-деп атап облыс әкімдігіндегілер.