Ақтөбе облыстық әкімдігі

Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі

13.07.2025 02:02

Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында 300 орындық жайлы мектеп бой көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Облыстық әкімдік мәліметінше, қазір нысанның ішін әрлеу жұмыстары аяқталуы жақын. Сондай-ақ, мектептің ауласы да абаттандырылып жатыр. Мектеп алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, биыл жылдың соңына дейін өңірдегі барлық «Келешек мектептері» қолданысқа беріледі. Басым бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Президент тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 14 мектеп салынуда. Оның екеуі – Есет батыр және Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы мектептер биыл көктемде қолданысқа беріліп, оқу процесі басталып кетті. Қалған 12 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуы жақын, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, - деді Аслан Жарасбаев.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысы өткен жылы басталды. 4 мектеп Мұғалжар, Мәртөк, Темір аудандарында, қалған 10 мектеп облыс орталығында орналасқан. Аталған нысандар 11400 орынға арналған.