Жаңалықтар

Ақтөбе облысында оқушы итті аяусыз пышақтап тастады

Ақтөбе облысында оқушы итті аяусыз пышақтап тастады
Фото: видеодан алынған кадр 01.11.2024 15:49 1465

Ақтөбедегі ауылдардың бірінде мойнына жіп байланған итті оқушы сүйрелеп, аяусыз пышақтап тастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Иттің ішек-қарны түскенше пышақтап, теуіп тастаған әрекет Ақтөбе облысының Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушының қансырап жатқан итті бірнеше жерден тілгілеп, соққы жасағанын көруге болады. Видеодан бірнеше адам көрінеді. Олар жануарды қорлап, мойнына байланған жіпті босатпастан бірнеше рет пышақ сұғады. Видеоның сыртындағы дауыс “теп, пышақ тық” деп айқайлап жатыр.

Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, оқиға мамыр айында болған.

Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында бала итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазба анықталды. Тексеріс барысында оқиға биыл мамырда Темір ауданында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені анықталды, - деп жазылған полиция хабарламасында.

Оқушы ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.

Полиция бұл оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралатынын хабарлады. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға