27 Маусым 2025, 15:57

Ақтөбе облысында «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиыны басталды

Ақтөбе облысында «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиыны басталды. Сайыстан бір күн бұрын далалық лагерь аумағына 50-ден аса команда келді. Оның арасында Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің қатысушылары да бар. Жиынға келгендердің жалпы саны 700-ден асып жығылады. Байқаушы ретінде Қытай Халық Республикасының делегациясы қатысып отыр.
Сайыстың алғашқы күні командалар «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықтан ату, «Smart sarbaz» технологиялық байқауы және Калашников автоматын бөлшектеп-құрастыру сынды төрт сайыс бойынша сынға түсті. «Айбын дарыны» квиз-ойыны – жаңа жастар хоббиі форматында өткізіледі. Байқауға логика, тарихты білу, медицина негіздері және жалпы эрудиция мәселелері кіреді. Қатысушылар дұрыс және жылдам жауап беріп, рейтингтік ұпайлар жинауы керек. Пневматикалық мылтықтан атуға 5 адамнан тұратын командалар қатысады. Олар нысанаға 10 метр қашықтықтан дөп тиюі керек. Орындар ұпай санына қарай бөлінеді. Ал, «Smart sarbaz» өнертапқыштық-технологиялық байқауына жиынға қатысушылар жасаған робототехника саласындағы әзірлемелер қатысады. Бұл жауынгерлік жағдайларда адамды алмастыратын роботтар мен роботтық құрылғылардың модельдері. Бұл байқау балаларды өзіне деген сенімділікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істеу қабілетін дамыта отырып, эксперимент жасауға бейімдейді. «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Ақтөбе облысында 23-28 маусым аралығында өтеді. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған. Айта кетейік, жиын осымен 11-ші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт ішінде оған 10 мыңнан астам жас қатысқан.