Жаңалықтар

Ақтөбе облысында алғаш рет республикалық «Taры Fest» этнофестивалі өтті

Ақтөбе облысында алғаш рет республикалық  «Taры Fest» этнофестивалі өтті
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі 08.10.2023 22:07 885

Этнофестиваль Ұлы Жібек жолындағы ең ірі – 10 сауда жәрмеңкесінің біріне айналған Көкжар жәрмеңкесі, сондай-ақ, биылғы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жарияланған «Халықаралық тары жылы» аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шараның салтанатты ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде этнофестивальдің киелі мекен Ойылда өтуінің маңыздылығын атап өтті. 

«Тары Fest» шарасының Ойыл жерінде өтуі үлкен мәнге ие. Ойыл – ақ тарының мекені, берекелі аймақ. Әйгілі Шығанақ Берсиевтей тары өсіруші туған жер. Тары өсіруден әлемдік рекорд орнаған өлке. Шығанақ атамыздың есімі айтылған жерде, еңбекқорлық пен  адалдық деген қасиеттер де бірге аталады. Қазақта «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар. Тарының құнарлығығы мен құндылығын әлем зерттеушілері зерттеп, емдік қасиетін де анықтап отыр. Бүгінгі той – тарының ғана емес, ұлттық құндылықтарды қазынасындай, баба мұрасындай қадірлей білетін әрбір азаматтың тойы. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін. Дастарханымыз мерекеге жайылсын, еңбектеріңіз берекелі болсын, - деді өңір басшысы. 

 Республикалық фестивальдің ерекшелігі сол, 300-ге жуық түрлі сала өкілі  «Тары қуыру», «Тары келі-келсаппен түю және ұшыру», «Диірменшілер», «Тарыдан жасалатын өнімдер» байқауларында бақ сынасты. Облысымыздың 11 ауданы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген қатысушылар көрермендерді таңғалдырып, өнерлерін ортаға салды. 

 Қазылар алқасының шешімімен, байқаудың І орны Ойыл ауданына, ІІ орын Алға, Мұғалжар аудандарына және ІІІ орын 

БҚО Қаратөбе ауданы, Қарғалы ауданы және

Қобда аудандарына бұйырды. Ынталандыру сыйлығы - 200 мың теңге 8 ауданға берілді.

 Сенбінің таңынан басталған этнофестиваль аясында «Қазақ даласындағы Көкжар: «Әлем. Тарих. Тары» атты  республикалық танымдық конференциясы, Ойылдың құрметті азаматы, «Мәдениет саласының үздігі»  Нұрлыбек  Қалауовтың авторлығымен «Шығанақ» қойылымы көптің назарына ұсынылып, сахналанды. Сонымен бірге, Ойылға жтиналған қауым «Этно-fashion» көрсетілімін, қолөнер шеберлерінің көрмесін, Ұлттық ойындар байқауын тамашалады. 

Ақтөбе жерінде алғаш рет өтіп жатқан фестиваль мақсаты – әр отбасының берекесіне айналған тарының тағамдық мәртебесін көтеру, тары өнімінің маңызын жеткізу. «Дала академигі» Шығанақ Берсиевтей диқанның еңбегі мен жанкешті қызметін дәріптеу. «Көкжар» жәрмеңкесі аясында өтетін қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін қойылымдар арқылы елімізді бірлікке шақыру. «Көкжар» жәрмеңкесінің мәдениетін жаңғырту.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға