Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 27 елдімекенді газбен қамтуға 35,6 млрд теңге бөлінді

Ақтөбе облысында 27 елдімекенді газбен қамтуға 35,6 млрд теңге бөлінді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі 15.07.2024 23:17 560

Ақтөбе облысында 27 елді мекен газбен қамту үшін бюджеттен 35,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша,  қазіргі таңда облыстағы 320 ауылдың 168-і көгілдір отынмен қамтылған. Биыл 27 елді мекенді газдандыру бойынша 21 жоба жүзеге асырылуда. Оның 5-еуі былтыр басталса, 16-сы — жаңа жоба. Биыл Мұғалжар ауданындағы Жарық, Темір ауданындағы Еңбекші, Алтықарасу ауылдарына газ тарту жоспарланып отыр. Осылайша жыл соңына дейін 171 елді мекен газбен қамтылады.

Басқарма басшысының сөзінше, Ақтөбе қаласына тартылатын магистралды газ құбыры тармағының 3-кезеңінің құрылыс жұмыстарының 80 пайызы бітті. Жоба биыл қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. Газ құбыры іске қосылса, облыс қосымша газбен қамтылады.

Биыл Әйтеке би, Ойыл аудандарында газ құбырының құрылысы аяқталады. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Әйтеке би ауданындағы Сұлукөл, Әйке, Тереңсай, Ақтасты, Толыбай ауылдарына және Ойыл ауданындағы Қаракемер, Ақшатау, Шиқұдық, Кемер, Ақкемер, Сарыбие, Қараой, Құбасай, Қаракөл, Көсембай, Қоңырат, Ақжар елді мекендеріне көгілдір отын беріледі. Сондай-ақ 8 мың тұрғыны бар 20 ауылды газдандыру үшін Энергетика министрлігінің қолдауымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры есебінен 14 жоба жүзеге асырылуда. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Байғанин ауданындағы Қораши ауылы мен Шалқар ауданындағы Алабас, Сарсай, Бершүгір ауылдарына газ тартылады. Бұл мақсатқа 365,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Qazaq Gaz Aimaq» акционерлік қоғамы облыстық филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданындағы Қожасай ауылын газдандыруға 1,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталды. Барлық жаңа жобалар 2025 жылы аяқталуға тиіс. Бұдан бөлек бүгінде 3 ауылды газдандыруға бағытталған жобалық-сметалық құжаттамалар дайын болса, 6 ауылды газдандыруға 5 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Облыста барлық жоба жүзеге асырылса, елді мекендердің 64 пайызы газбен қамтамасыз етіледі. Ал халықты қамту көрсеткіші 97,2 пайызға жетеді, - деді Арысұлан Айтбаев.

Баяндамашыны тыңдаған облыс әкімі елді мекендерді газбен қамтуға арналған жобаларды мерзімінде аяқтап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Асхат Шахаров тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету өңірді дамытудағы басты басымдық екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасында елді мекендерді газдандыру мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан өңірдегі тұрғындарға газ қолжетімді болуы үшін барлық жағдайды  жасап жатырмыз. Барлық жоспарланған жобалар уақытында аяқталуы керек. Жыл соңына дейін тағы үш ауыл газбен қамтылады. Осылайша, халықты газбен қамту көрсеткіші 95,7 пайызға жетеді. Өңірде басқа да газдандыру жобалары қолға алынды. Оларды жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз, - деді облыс әкімі.

Жиын барысында өңірдегі сұйытылған газ тапшылығы мәселесі де сөз болды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, бүгінде өңірде сұйытылған газдың бағасы 59 теңге тұрады. Облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдардағы газдың құны — 64 теңге. Облыста 192 газ құю бекеті бар, оның ішінде 178 газ құю бекетіндегі сыйымдылық көлемі — 3946 текше метр.

Облыста газбен жабдықталған 56 480 автокөлік бар. Сондай-ақ ай сайын облыс арқылы 25 мыңнан астам транзиттік көлік өтеді. Осы есептеулер бойынша облыстың сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігі 16,8 мың тоннаны құрайды. Биыл шілде айында Энергетика министрлігі облысымызға 10 960 тонна газ бөлді, бұл жалпы қажеттіліктің 66 пайызын ғана құрайды. Осыған байланысты жыл сайын жаз мезгілінде өңірде газ тапшылығы туындайды, - деді Алмас Салықбаев.

Жиында облыстық кәсіпкерлік басқармасына газ тапшылығы мәселесін жою үшін Энергетика министрлігіне өңірге айына қосымша кемінде 5 мың тонна газ бөлу және газ тарату жүйесіндегі өзгерістерге қол жеткізу жөнінде сұраныс жолдау ұсынылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға