Жаңалықтар

«Ақтөбе» көшбасшыларға жақындап келеді

«Ақтөбе» көшбасшыларға жақындап келеді
Фото: fc-aktobe.kz 19.07.2023 13:21 757

Қазақстан премьер-лигасының 15-турында осы жолы бес ойын өтті. Біреуі бұған дейін ойналып кеткен. Ал «Қызылжар» мен «Тобыл» кейінге шегерілді.

Еурокубокқа қатысып жатқан командалар келісіп, ойындарын шегеріп жатыр.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайрат» (Алматы) – 0:1

Гол:Труфанов, 45 (0:1).

«Қайрат» алғашқы үштіктегі командаларға жақындап келеді. Осы жолы Кирилл Кеккер шәкірттері сырт алаңда «Оқжетпестен» басым түсті. Әрине, ойын бойынша қонақтар үздік болды дей алмаймыз. Дегенмен, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланды. 2004 жылы дүниеге келген жас футболшы Ян Труфанов мергендің танытып, командасына үш ұпай сыйлады.

Матчтан кейін «Қайрат» бапкері қазір әрбір ұпай маңызды екенін, бірақ бұдан да көп гол соғуға болатынын айтты. Ал команда трансферде ешкім келмейді деп отыр.

Трансферлік терезеде ешқандай жаңа ойыншы келмейді. Дәл қазір бірде-бір футболшымен келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Тек өзіміздің «Қайрат-жастардың» ойыншыларын керек кезде қатарымызға тартамыз, – дейді Кирилл Кеккер.

«Шахтер» (Қарағанды) «Ақтөбе» (Ақтөбе) 0:1

Гол: Кеңесов, 49 (0:1).

Алаңнан қуылды: Таңжарықов, 79.

Әрине, «Ақтөбе» үшін қиын кезеңдер болып жатқаны түсінікті. Клубтың басшылығы өзгерді. Бас бапкер мен жаңа директор әзірге бір-бірін толық түсініп жатпағандай. Іштегі атмосфера да нәтижеге әсер ететіні түсінікті. Команда чемпиондыққа таласатындай ойын көрсетпесе де, соңғы екі матчта мінез танытып жеңісті жұлып алды.

Өткенде «Мақтааралдан» басым түссе, осы жолы «Қарағандыда «Шахтерді» жеңді. Гол авторы – Әділхан Таңжарықов.

–Өкінішке қарай, кейбір футболшылар матчқа қатыса алмады. Стефан Букорац пен Кампо Мина секілді екі орталық қорғаушымыз жарақаттарына байланысты матчтан тыс қалды. Сондықтан ойында баланс болмады. Ойынның сапасы туралы айту қиын. Әрине, қақпаға жіберген гол да өз қателігімізден, - дейді Әділхан Таңжарықов.

«Мақтаарал» (Атакент) «Қайсар» (Қызылорда) 2:2
Голдар:
 Шрамченко, 12 (1:0). Приндета, 21 (1:1). Кәрімов,-пенальтиден 90+4 (2:1). Приндета, 90+7 (2:2).

Есеп 2:2 болды. Бір қарасаң тартысқа толы қызықты кездесу сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай болмады, тек соңғы жағында командалар тырысты. Ал қалған бөлігінде көрермендердің ішін пыстыратын матч екені жасырын емес.

Футболшылардан «Мақтааралдың» жаңадан келген беларусь футболшысы Антон Шрамченконың голы мен «Қайсардың» қорғаушысы Виталий Приндетаның дублін ерекше айтуға болады.

Ойын жақсы өрібіді. Жанкүйерлерге ұнаған болар, бірақ бізге олай емес. Өйткені қолда тұрған жеңістен айырылып қалдық. Бәлкім, ауа-райының аптапты ыстық болғаны да әсер еткен шығар. Сондықтан футболшылар ауыр қимылдады. Жоспар орындалмады. Лаша Паруанашвилидің ойынын көргіміз келген. Бірақ кездесуге үш күн қалғанда жаттығуда аздаған жарақат алды. Қосалқы құрамға қалдырдық. Ал қалған позицияларда өзім қалаған футболшылар шықты. Серж Ньюадзиді де 30 минут ойнаттық. Жайлап бабына келе жатыр, – дейді «Мақтаарал» бапкері Қайрат Нұрдәулетов. 

«Атырау» (Атырау) «Ордабасы» (Шымкент) 1:1
Голдар:
 Козлов, 31 (1:0). Тағыберген, пенальтиден-50 (1:1).

«Ордабасы» жеке-дара көш басына шықты. Бірақ екі ұпайдан айырылып қалды. Александр Седнев шәкірттері «Атырауға» қонаққа барған. Алаң иелері чемпиондықтан үмітті командаға лайықты қарсылық көрсетті. Тек «мұнайшыларға» тұрақтылыққа жетіспейді. Әйтпесе, кез келген командамен терезесі тең ойнауға қауқарлы.

Есепті 31-минутта ресейлік легионер Алексей Козлов ашқан. Үзілістен кейін Асхат Тағыберген пенальтиден таразы басын теңестірді. Осы есеп матч соңына дейін сақталып қалды.

Өте ауыр әрі кескілескен матч болды. Футболдағы эстетика тұрғысынан үздігі болмаған шығар. Әсіресе, біздің ойын көңілден шықпады. Бірақ жүйке шымырлататын, тартысты матч болды. Қарсылас та турнир кестесінде жоғары орындардан үмітті. Сондықтан екі командада жеңіліске лайықты емес еді. Сол секілді үш ұпай алатындай біреуі басым болды дей алмайсың. Тең есеп – әділетті деп санаймын. Бізде енді аздаған уақыт бар. Футболшылар бір тынығып алуы керек, – дейді «Ордабасы» бапкері Александр Седнев.

 «Каспий» (Ақтау)   «Жетісу» (Талдықорған) 1:2
Голдар: 
Бердібек, 35 (1:0). Брикнер, 55 (1:1). Цуцкич, 79 (1:2).

«Каспийден» осының алдында 8 футболшы кетіп қалған. Ал жаңадан келгендердің әуселесін толық байқаған жоқ. «Жетісумен» кездесуде алаң иелері есеп ашқан. Бірақ екінші таймда қатарынан екі гол жіберіп, жеңіліп қалды.

Матчтан кейін бас бапкер қызметінен кететінін мәлім етті.

47 жастағы Солтүстік Македония елінің маманы Игор Ангеловски ойыннан кейін өз шешімін жария етті.

Маған бапкер ретінде өз есімімді қалыптастыру оңай болған жоқ. Сондықтан ол репутациямды жоғалтқым келмейді. Ойыншылар мен басшылыққа отставкаға өтініш беретінімді айттым. Келесі жаттықтырушы футболшыларға бұдан жақсы жағдай жасайды деп үміттенемін. «Каспий» премьер-лигада қалуы тиіс. Клубта істейтін қызметке сәттілік тілеймін, жанкүйерлерге алғысым шексіз, – дейді Ангеловски.

Македониялық маман клубтың тізгінін 17 сәуірде қолына алған. Оның басқаруымен команда 10 матч өткізді. Соның ішінде тек біреуінде жеңіске жеткен, төрт ойын тең аяқталып, бесеуінде жеңіліс тапқан.

«Каспий» 15 турдан кейін 10 ұпаймен турнир кестесінде 13-орында тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға