Жаңалықтар

Ақтөбе балабақшаларында 240 млн теңге бюджет қаржысы ұрланған

Ақтөбе балабақшаларында 240 млн теңге бюджет қаржысы ұрланған
Фото: ©El.kz/Нұркен Алишев 21.10.2024 10:29 364

Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бюджет қаражаттары жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген.

Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.

Осы қаражаттар ешқандай негізсіз есепшінің немесе бала-бақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 бала-бақша меңгерушілері мен 4 есепшілеріне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Барлық көрсетілген фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға