Жаңалықтар

Ақтауды таза сумен қамту бағытындағы жұмыстарды бақылау - әкімдіктің міндеті - Марат Қарабаев

Ақтауды таза сумен қамту бағытындағы жұмыстарды бақылау - әкімдіктің міндеті - Марат Қарабаев
Фото: ИИДМ 02.07.2023 13:19 988

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесті. Төрт жарым сағатқа созылған кездесуде тұрғындар тұрғын үй қатынастары, автожол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды тарту және сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, сонымен қатар пайдалы қазбаны игеруге байланысты мәселелерді көтерді,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Өңір тұрғыны Светлана Утепбергенова үлескерлік құрылыс бойынша мәселені шешіп беруін өтінді. Оның айтуынша, бірнеше маңғыстаулық тұрғын жеке құрылыс компаниясына қаражатын құйған. Соған сәйкес мердігер Ақтаудың 17 ықшамауданында тұрғын үйді салуға тиіс болатын. Алайда құрылыс компаниясы өз міндетін соңына дейін жеткізбей, қазір пәтер жалдап жүр.

2015 жылы отандық кәсіпкерлерді орынсыз тексерулерден қорғау мақсатында біршама жеңілдік берілген еді. Бизнес көптеген артықшылыққа ие болды. Тіпті құрылысқа рұқсат алу тәртібі жеңілдеді. Енді жаңа заңға сәйкес Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметіне тексеру функциясы қайта берілетін болады. Олар құрылыс нормаларының талаптары қаншалықты сақталып жатқанын кез келген уақытта тексеруге құқылы болады. Сіздердің мәселеге тоқталсақ, тұрғын үйдің құрылысын мемлекет есебінен аяқтап беруді сұрасаңыздар, мұндай тетік заң аясында қарастырылмағанын бірден айтайын. Өйткені еліміз бойынша мұндай проблема көп. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатса, онда осы салаға жауапты ведомство басшыларымен сөйлесуге уәде беремін, - деді министр.

Сондай-ақ ол тамыз айында аталған мәселені шешудің қосымша жолдары пысықталатын атады. Ақтаудағы 7 шағын аудандағы 27-үйдің тұрғындары тәулік бойы жұмыс істейтін көлік жууға арналған орталықтың қызметіне шағымданды. Пәтер иелері көлік шуынан түн ұйқыларын төрт бөледі. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ұсыныс ретінде жергілікті әкімдік аталған көлік жуу орталығының жұмыс кестесін нақты бір уақытқа дейін белгілей алатынын жеткізді.

Келесі кезекте Ақтау халқы ИИДМ басшысынан қаланың қажетті көлемдегі таза сумен қашан қамтамасыз етілетінін сұрады. Осы ретте М.Қарабаев тиісті қаражат бөлінгенін, қазір құрылыс жұмыстары қарқын алғанын атап өтті.

Басты міндетіміз – қажетті инфрақұрылымның құрылысына қаражатты уақытылы бөлу. Министрлік бұл тапсырманы дер кезінде орындады. Үкімет басшысы бұл жобаға қосымша ақшаны бөлуді қолдады. Енді әкімдіктің міндеті тиісті құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізуді бақылау. Бүгін кәсіпорын басшысымен кездестім. Ол қазан айына дейін барлық жұмыс аяқталады деп сендірді, - деді ведомство басшысы.

16 ықшамауданының тұрғындары елді мекенде жолдар қарастырылмағанын айтып, Марат Кәрімжанұлына осы мәселені реттеп беруін өтінді. Өз кезегінде министр ішкі жолдарға өңірлік әкімдіктер жауапты екенін айтып, жалпы жол құрылысына қаражат бөлу тәртібі қалай қалыптасатынын түсіндірді.

 Былтыр жаңа әдістемені қабылдадық. Мысалы, өңірлердегі жолдардың жағдайы қаншалықты төмен болса, соған сәйкес көп қаражат бөлінеді. Бірақ қай жобаға басымдық берілетінін әкімдік шешеді, - деді М.Қарабаев.

Сонымен қатар М.Қарабаев жергілікті азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдады. Жеке қабылдауға 8 адам жазылды. Азаматтардың өтініштері тұрғын үй құрылысы, жер учаскесін заңсыз беру, жер қойнауын игеруге байланысты келісімшарттың талаптарын сақтамау, қатты пайдалы қазбаны өндіруге лицензия алу, бейберекет құрылысты алдын алу, тұрғын үй қатынастары, бизнеспен айналысуға жер учаскесін жалға алу, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін тарту және Ақтау қаласын көркейтіп, абаттандыруға қатысты болды. Өз кезегінде ведомство басшысы заңға сүйене отырып, жоғарыда айтылған мәселелерді реттеудің амалын түсіндірді.

Бұған қоса министр Марат Кәрімжанұлы Ақтау теңіз солтүстік терминалының, Құрық және Ақтау теңіз порттарының, «Ақтау теңіз порты» АЭА, «Каскор-Транссервис» АҚ және «СОМС» ЖШС-нің өндірістік әлеуетін байқады. Жоспарға сәйкес ИИДМ басшысы «Құрық-Жетібай» және «Доссор-Құлсары-Бейнеу» автожол учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексереді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға