Жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилия "қара жәшіктерді" зерттеп болды

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилия "қара жәшіктерді" зерттеп болды
Фото: gov.kz 07.01.2025 12:09 789

Бұл туралы Бразилияның G1 порталы жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Порталдың мәліметінше, Бразилия Әскери-әуе күштерінің авиациялық оқиғаларды тергеу және қамтамасыз ету орталығы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақтың "қара жәшіктерін" ашып, жазбаларды оқуды аяқтаған.

"Екі "қара жәшіктен" деректерді алу, жинау және тексеру аяқталды", – деп жазады басылым.

Материалдарды Бразилияның үш тергеушісі, сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресейден келген агенттер талдағаны нақтыланады.

O Globo газеті атап өткендей, ведомство Қазақстан билігіне тиісті ақпараттарды жөнелтіп үлгерген. Ол авиациялық оқиға туралы қорытынды есепте жарияланады.

Айта кетсек, 2025 жылдың 4 қаңтарында Бразилияда мамандар Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың борт жазбаларын зерттеуге кірісті. "Қара жәшіктерді" Қазақстан Бразилияға 2024 жылғы 30 желтоқсанда жөнелтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға