©El.kz

Ақтауда жедел жәрдемді алдаған тұрғынға 117 мың айыппұл салынды

Ақтау қаласының 29 жастағы тұрғыны жедел жәрдемді алдап шақырған. Оқиға 22 мамырда болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Сағат 22:00-де 29 жастағы тұрғын жедел жәрдемге хабарласып, көмекке шақырды. Ол көп мөлшерде дәрі ішіп алғаны туралы айтқан. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі дереу жетті", - дейді ведомстводағылар.

Алайда оқиға орнына жеткенде шақырту "пранк" ретінде жасалғаны анықталды.

"Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әйелге "103" қызметіне жалған ақпарат бергені үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынды", - дейді Маңғыстау облысы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі.