mangystaumedia.kz

Ақтауда жаңа тарихи кітаптың тұсауы кесілді

29.05.2024 23:45

Ақтауда «Отызыншы жылдар ойраны» атты Маңғыстау өлкесіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы таныстырылды, деп хабарлайды El.kz mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.  

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде Білім беру факультеті Тарих кафедрасының ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясы жұмыс топтары құрамының баяндамалары» туралы ғылыми семинар аяқталды.

Іс-шараға университеттің профессор-оқытушыларымен қатар, студенттер, сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің өкілдері  арнайы қатысты.  

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске алу күніне орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», - деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Шараны тарих кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Киікбай Жаулин ашып, зерттеу және даму  жөніндегі вице-президент Асқар Сейдалиев сөз сөйледі.  «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты – презентация ұсынылып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау»  туралы видеофильм көрсетілді.

Саяси ғылымдарының докторы, профессор Киікбай Жаулин «1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақ тұтқындары» тақырыбында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның жобалық офисінің бас маманы, өлкетанушы топ жетекшісі  Арман Нұрғазиев комиссияның жұмыс құрылымы жөнінде, PhD Аягөз Нұрманова «Маңғыстау облысындағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктері», тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәлім Китигулов «Түркістан легионында» тақырыптарында өз баяндамаларын оқыды.  

Шара соңында «Отызыншы жылдар ойраны» атты Маңғыстау өлкесіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы таныстырылды.