Ақтауда теңіз жағасында қаланың 60 жылдығына орай мерекелік концерт өтті
Ақтауда 16-қыркүйек күні қаланың 60 жылдығына орай Маңғыстаудан шыққан өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. «Ақтауым-ару, әз мекен!» атты мерекелік кеште Ұлықпан Жолдасов бастаған әншілер өнер көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік кеште Ұлықпан Жолдасов шәкірттерімен бірге танымал туындыларын орындады. Атап айтқанда, «Алтынай», «Шаттығым», «Шағала», «Маңғыстау» әнін шырқады. Шара барысында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, қала тұрғындары мен қонақтарын мерейтоймен құттықтады.
Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары! Ақмаржан қала Ақтаудың 60 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осы жылдар ішінде Ақтау дамудың елеулі кезеңдерін бастан өткізді. Ұлт мұрасымен, ел тарихымен біте қайнасқан шаһарда жыл өткен сайын жаңа шағын аудандар мен көрікті ғимараттар салынуда. Бұл мерейтой – баршамызға ортақ. Өзінің еңбегімен, белсенді азаматтық позициясымен шаһардың дамуына үлес қосып жүрген қала тұрғындарына алғыс айтамын. Шаһардың өсіп-өркендеуі жолында жасаған еңбегіміз үлкен жетістіктерге жетелейтініне сенемін. Сіздерді шаһардың айтулы мерейтойымен құттықтай отырып, Ақтау қуаныш, мейірім мен ынтымақтың ордасы болып қала берсін дегім келеді. Осы мерейлі мерейтойда отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Еліміздің өркендеу жолында шаһарымыз көркейіп, әлеуеті арта берсін! Ақмаржан қала Ақтаудың 60 жылдық мерейтойы құтты болсын, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Мерекелік концертте Ғаділбек Жаңай, Абай Бегей, Нұрмұхаммед Жақып сынды әншілер халыққа керемет көңіл-күй сыйлап, Фарида Жолдасова, Ұлықпан Жолдасов мерекелік концерт қаланың 60 жылдығына тарту екендігін жеткізді.
Маңғыстауымнан жырақта жүргеніме 26 жыл болды. Осы жылдар ішінде Ақтау қаласы көркейіп, гүлденіп кетті. Әр ән сапарымда ақмаржан қала Ақтауымды мақтанышпен айтып жүремін. Бұл концерт Ақтаудың 60 жылдығына арналады. Шаһарымыздың мерейлі мерейтойы құтты болсын, - деді әнші Ұлықпан Жолдасов.
Сонымен қатар, мәдени шарада сазгердің жұлдызды жобалары «Каспий», «Заман», «Диета KZ», «Самал», «JL» және «Дауыс KZ» тобы өнер көрсетті.
Әдемі кеш мерекелік отшашумен аяқталды. Концертті 30 мыңға жуық тұрғын тамашалады.