Жаңалықтар

Ақтауда «Rixos» қонақ үйі маңынан жиырмадан астам өлі құс табылды

Ақтауда «Rixos» қонақ үйі маңынан жиырмадан астам өлі құс табылды
Фото: lada.kz 02.01.2025 22:04 1065

Ақтау тұрғыны жағажайдан өлі құстарды байқап қалған. Оқиға орнына мамандар дереу жіберілген, деп хабарлайды lada.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін, 2 қаңтар күні шамамен түскі уақытта жергілікті тұрғын «Rixos» қонақ үйінің маңындағы жағажайда серуендеп жүріп, өлі құстарды байқаған. Құстар шамамен 500 метр аумақта шашылып жатқан. 

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің аумақтық инспекциясы оқиға орнына инспекторлар жіберілгенін хабарлады.

Орнитолог Мәлік Нүкісбековтың айтуынша, суреттегі құстар — біздің өңірде ұя салатын кіші суқұзғындар. Ал келесі бір фотодағы құстың нақты түрін анықтау мүмкін болмаған.

Кейінірек аталған жайтқа қатысты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы түсініктеме берген. Инспекторлар жағалау сызығын тексеру барысында бір аққу мен алты үйрек тәрізді құстың өлексесін анықтаған.

Бұл жағдай туралы ведомство қала билігі мен «Rixos» қонақүйінің әкімшілігін хабардар еткенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Қаракөл көлінде 10-нан астам аққу мен басқа да құстар мекендейді. Облыстық инспекцияның мәліметінше, Каспий теңізінің жағасында құстардың бірнешеуінің өлімі табиғи себептерге, яғни құстардың әлсіреуіне байланысты болған.

Жаппай құс өлімі тіркелмегенін айтқан инспекция өкілдері Қаракөл көлінде желтоқсанның соңында Микробиология және вирусология орталығының мамандары аққулар мен үйректердің өлекселерінен сынама алғанын хабарлады. Зерттеу нәтижелері 10 қаңтарда дайын болады деп күтілуде.

Ведомство құстардың өліміне құс тұмауы себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға